Текелі қаласындағы №448 дауыс беру учаскесіне ұлттық нақышта киінген Бүркітбай Файзолланың отбасы құмай тазы ертіп, қолдарына бүркіт қондырып, сән-салтанатпен келіп, ел ертеңі үшін өз таңдауларын жасады.
Текелі қаласының Құрметті азаматы, Жетісу облысы құсбегілер федерациясының президенті Бүркітбай Файзолла ақсақал: «Мен атажұртқа келгелі ұлттық салт-дәстүр, құсбегілік, атбегілік, саятшылық өнерді дәріптеп, дамытуға үлесімді қосып келемін. Бүгінгідей мемлекетіміз үшін аса маңызды шарада да ұлттық болмысымызды паш етіп, елдігімізді, бірлігімізді көрсетіп, отбасымызбен бірге дауыс беруге келдік. Айқабақ, Ерке деген бүркітіміз, Адал, Алыпсоқ деген тазымыз да ере келді. Бірге құс баптап, тазы жүгіртіп жүрген әріптестерім де осында. Дауыс беруге келіп жатқан халықтың қарасы да көңіл қуантады. Осындай татулық-бірлікпен берекеге жете берейік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!», – деді.