Биылғы қыс сөзсіз қытымырлығымен жұрт жадында ерекше есте қалды. Содан болар адам аузын аққа, түлік ернін көкке тигізер, жер-ананы жасандырар көктем мезгілін көпшілік асыға тосты. Ал Самарқанның көк тасымен қоса пенде көңілдердегі тоңды жібітіп, алыс-жақындағы ағайынның басын қосатын, ұлттық тамырмен сусындататын Ұлыстың ұлы күнінің мән-маңызы өзгеше екендігінде дау жоқ.
Биылғы 22 наурыз сарқандықтар үшін өзгеше жайма шуақ мінезімен ерекшеленді. Бұл күні бір киерін иыққа іліп орталық алаңға ағылған жұртшылық бір сәт қазақи болмыспен тыныстап, рухани байығандығы сөзсіз. Шараны аудандық мәдениет үйі әзірлеген қойылым ашып, дәстүрге сай ақ бата айтылып, шашу шашылды. Алаңға жиылған ағайынды аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков тарихи тамыры тереңдегі мерекемен құттықтап қолға алған әрбір бастаманың берекелі болмағына тілектестік білдірді. Өңір басшысының қолынан бірқатар жандар марапат алып марқайды. Атап айтқанда Мұқашев Жанат Мұхамедқалиұлына «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табыс етілсе, жоғарғы біліктілігі мен кәсіби шеберлігін еліміздің болашағы жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге арнаған табысты еңбегі үшін Алматы облысы білім басқармасының құрмет грамотасымен ұстаз Шоманова Сайраш Қабылханқызы марапатталды.
Сондай-ақ аудандық мәслихаттың шешімімен аудан әкімі Ерғазы Қошанбекұлына «Сарқан ауданының Құрметті азаматы» атағы салтанатты түрде берілді.
Ә рбір қазақ үйдің алдында ауданымыздың киелі жерлерін арқау еткен көріністер қойылып бір мезет өткеніміз жаңғырды. Киіз үйлердің етегін ала орналасқан шатырларда ауданның іскер азаматтары бұл күннің басты тағамы-наурыз көжені келушілерге тегін ұсынды. Сондай-ақ мерекеге жиылған көпшіліктің біразы қазақша күрестен белдесуді тамашаласа, бір бөлігі жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан қой көтеру сайысына көз тікті. Жас пен жасамысты таңдамайтын жұрт алдында мерейіңді асыратын немесе келеке қылып құтыңды қашыратын аталмыш сайыстың өз көрермендері қалыптасып үлгергендігі анық байқалды. Мерекенің соңына қарай спорт сайысының жеңімпаздары анықталып жүлделер табыс етілді. Кеңдік пен елдікті, азаттық пен айбындылықты, өрлік пен ерлікті өн бойына тұндырған халық әуендері қашанда ұлттың жаны, өнегенің өзегі. Өнерпаздар әуелеткен асқақ рухты әуендер Наурыз аспанында қалықтады.
Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз салтанаты барлық елді мекендерде жұртшылықтың басын қосты. Қойлық ауылдық әкімдігі ұйымдастырған күлімдеген шуақты көктеммен бірге қазақ даласына жер әлемді жайнатып, әнші құстарды сайратып, Наурыз тойын тойлатып жеткен Жаңа Жыл мерекесі өзіндік өрнектерімен есте қалды. Наурыздың осыдан 30 жылғы бұрынғы қайта оралуы сахналық қойылым арқылы бейнеленді. Сахнаға әжелер шығып, жамандықтан аластау рәсімін жасады:
Ауыл әкімі Мейрам Макетов, «Сарқан» газетінің бас редакторы Жомарт Игіман, ардагер-ұстаз Жанат Мұқашевтың құттықтауынан кейін айтыс, ән-би шашуы өріс алды. Наурыз мерекесіне арналған бағдарлама аясында ұлттық ойындар көрермендердің көзайымына айналды.
Өз тілшіміз.