Тәуелсіздік бастау алған күн

Кейінгі он шақты жылда Республика күні қоғамнан шет қалғаны рас. Бір жылдары оны тіпті атамай да кеттік. Бірақ осыдан екі жыл бұрын Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тарихи күнді қайтадан ұлттық мереке дәрежесіне көтеріп, жоғарғы деңгейде атап өту керек дегеннен кейін қайта жаңғырды. Біле білсек 25 қазан — Тәуелсіздіктің бастау алған күні.

Өйткені декларацияда айтылған мәселелерді қарап отырсақ, 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылдаған Тәуелсіздік туралы заңның бастамасы, сондағы айтқан ойлар, тұжырымдамалар декларацияда да айтылған. Декларация бұл ресми, заңды құжат болған жоқ. Бірақ алғаш қоғамды серпілтіп, еңсесін көтерген құжаттың маңызы өте зор. Біз көбіне-көп белгілі бір мерекені сол күні ғана атап өтеміз де, қалған уақытта көп еске ала бермейміз. Республика күнінен басталған үлкен жетістікті үнемі айтып отыру керек. Халықтың, ең бірінші жастардың санасына кіруі керек. Ресми іс-шаралардан бөлек күнделікті тіршілікте отбасынан бастап, қоғамдық орындарда, білім ошақтарында айтылатын негізгі ой осы Тәуелсіздіктің маңызы, оның рөлі болуы тиіс. Оның негізі Республика күнінен бастау алады. Егер мұны жастардың, келешек ұрпақтың санасына сіңіре алсақ, бұл шын мәнінде ұлттық болмыстың жаңғыруы болар еді.

Бүгінде Республика күні мерекесінің сипаты өзгеріп, елдегі демократияландыру үдерісін дамытуға бағытталғаны, «адамның егемендігі», оның әл-ауқаты мен өзі өмір сүріп отырған ортаға деген адалдығы күн тәртібіне шығып отыр. Қазіргі уақытта осы идея президентіміз ұсынған » Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдарымен үндеседі. Адам жетістігі тұтас еліміздің табысты болуына жол ашатындығы үнемі басымдығымыз болуы маңызды.

Күлшарбан ҚАЛИЕВА,

Облыстық Аналар кеңесінің мүшесі, Сарқан ауданының Аналар кеңесінің төрағасы, Сарқан ауданының құрметті азаматы, Ана-медиатор.

Мәліметпен бөлісу: