ТӘУЕЛСІЗДІК ЖОЛЫНДАҒЫ ТҰҢҒЫШ ҚАДАМ

Аудан әкімі Маманбаев Ғалымжан Қанатұлының

мерекелік құттықтауы

2022 жылдың 16 шілдесінде Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынды. Осылайша 2 жылдан бері елімізде Республика күні араға ондаған жылдар салып қайтадан салтанатты түрде аталып, өтіп, көпшілік мерекеге айналды. Алғаш рет Республика күні мемлекеттік мереке болып 1995 жылы қазанда жарияланды. Негізінде 25 қазан Республика күні болып кездейсоқ таңдалған жоқ. Осыдан 34 жыл бұрын 1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Осылайша Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан бекітілді. Егемен ел тарихының жаңа кезеңі басталған айшықты күн қазіргі таңда айрықша атап өтіледі.

Сөзсіз бұл еліміздің егемен атануындағы, тәуелсіздік жолындағы тарихи құжаты, тұңғыш қадамы болатын. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі шынымен де осы күннен басталады. Аталмыш Декларация Қазақстанның мемлекеттілік негізін қалаған алғашқы заңдық құжаты болып табылады. Декларацияда қазақ халқының тілі, салт-дәстүрі және ұлттық намысын қайта жандандыру мен дамыту ең басты міндеттердің бірі болып белгіленді.

Құрметті жерлестер! Баршаңызды осындай айтулы мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, толайым табыс, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін! Еліміз аман, жеріміз бүтін, заманымыз тыныш болсын!

Мәліметпен бөлісу: