Жетісу облысының Сарқан ауданында үш бірдей әлеуметтік маңызды нысан іске қосылды

Жетісу облысы Сарқан ауданының ауылдарында қатарынан үш әлеуметтік маңызы бар нысан іске қосылды. Шекаралас Аманбөктер ауылында 500-ден астам тұрғыны бар жаңа блокты-модульді медициналық пункт пен ауылдық әкімдік пайдалануға берілді. Дәл осындай медициналық пункт 600-ден астам адам тұратын Абай ауылында да ел игілігіне ұсынылды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Аманбөктер мен Абай ауылдарындағы 60-шы жылдары салынған бұрынғы екі медициналық пункт те қазіргі санитарлық нормаларға сәйкес келмейтін.

— Бүгінге дейін медициналық көмек 1965 жылы салынған ғимаратта көрсетіліп келді. Бұл біраз қолайсыздық туғызды. Енді қажетті жабдықтары бар, жаңа, заманауи медициналық мекемеде медициналық қызмет көрсетудің де сапасы артады. Ғимарат жылы, жарық, жайлы, мұнда жұмыс істеу де қолайлы, — деді денсаулық сақтау саласының ардагері, Аманбөктер ауылының тұрғыны Күлпаш Жантелова.

1974 жылы салынған Аманбөктер ауылдық әкімдігі апатты жағдайда болған. Енді жаңа ғимарат барлық талаптарға сай келеді, мамандар үшін ыңғайлы жұмыс кабинеттері қарастырылған.

Жаңа блокты-модульді медициналық пункт салтанатты түрде ашылған Абай ауылының тұрғындары да риза.

— Тұрғындар ғана емес, біз де қуаныштымыз. Өйткені, материалдық база ескіргенде, оған қоса ғимарат санитарлық нормаларға сәйкес келмесе сапалы медициналық көмек көрсету де қиын. Енді, міне, жаңа медициналық пункт салынды. Мұнда алғашқы, жедел медициналық көмек көрсету, скрининг, вакцинация жүргізу, балалы әйелдерді тексеру, науқастарды орталық ауруханаға жіберу, патронаж ұйымдастыру жұмыстарына қажетті жағдай бар, — деді Абай ауылындағы медпункттің аға медбикесі Жамал Доланбаева.

Жалпы өткен жылы Сарқан ауданында Ешкіөлмес, К. Қазыбаев және Бірлік ауылдарында 3 блокты-модульді медициналық пункт іске қосылған, сондай-ақ биыл Черкаск ауылында дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Фотограф: Қанат Байдрахымов.

Мәліметпен бөлісу: