Экологиялық ахуалды жақсарту – басты міндет

 Бүгінгі таңда  қоршаған ортаның тазалығына,  халықты экологиялық факторлардың жағымсыз әсерінен сақтауға басты назар аударылуда.

Халықаралық қоршаған ортаны қорғау ұйымының деректеріне сенсек, Қазақстан ауаны ластау көрсеткіштері бойынша дүние жүзі елдерінің арасында  алдыңғы орындардан көрінеді.  Біздің алдымызда АҚШ, Қытай және Ресей мемлекеттері тұр. Аталған елдердің алдыңғы қатарда орналасуын халық санының көптігімен, өнеркəсіптерінің қарқынды дамуының әсерімен түсіндіреді. Мамандардың пайымдауынша, Қазақстанның осы елдердің арасында тұруының басты себебінің бірі – қазіргі қолданыстағы заңнамалық базаның əлсіздігінен болып отыр. Сонымен қатар мамандар тоқырау кезінде еліміздегі алып өнеркəсіп орындары шарт негізінде жекешелендіріліп, зауыт қожайындарына жеңілдіктермен берілгеніне қарамастан, сол шарттардағы өнеркəсіп иелерінің экология саласын жақсартудағы міндеттемелеріне бақылау жүргізуге тиісті құзырлы мемлекеттік органдар тарапынан немқұрайдылық байқалғаны өз алдына, заң тұрғысынан жұмыстың қалай жүріп жатқаны да өз дәрежесінде тексерусіз қалғанын айтады. Осындай салғырттықтың салдарынан өндіріс орындарының мұржаларынан газ бен түтін қалдықтары мөлшерден тыс шығып, ауаны ластауда.

Бірінші санаттағы ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың көбі әлі күнге дейін ескірген технологияларды қолданады. Бұлардан шыққан зиянды заттар елдің экологиялық ахуалын бұзуда.

Қазақстанның экологиялық жағдайы – қоғам назарын аударып отырған басты мәселелердің бірі. Өзіміз өмір сүріп отыр­ған қоршаған ортаның тазалығы мен сау­лығы баршамызды алаңдатады. Сондықтан елдің экологиялық жағдайын жақсарту мәселесі қашанда күн тәртібінен түскен емес. Отандастарымыздың бүгінгі басты міндеті – қоршаған ортаны, айналамызды келешек ұрпаққа таза әрі қолайлы қалпында аманат етіп қалдыру.

Жомарт ИГІМАН,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Мәліметпен бөлісу: