«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты мемлекеттік саясат немесе реформа «адамдар бәрінен бұрын» деген басым қағидатқа бағынуы керек. Мемлекеттік саясаттың, елдің бағдарламалық құжатының, ұлттық жобаның немесе реформаның тиімділігін өлшеу олардың халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасына тигізетін әсеріне негізделуі керек. Мемлекет пен қоғамның қарым-қатынасының «бюрократиялық» моделінен азаматтардың белсенді, сервистік және сұраныстарына жауап беретін басқару нысанына көшу мемлекеттік органдар үшін негізгі мақсат болуға тиіс.
Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылы қыркүйекте халыққа арнаған Жолдауында жоғарыда айтылған қағидат туралы айтып кетті. -Мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынғалы бес жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде қоғам мен билік құрылымдары арасындағы қарым-қатынас мәдениетін өзгерте алдық. Пікір білдірудің бірқатар тиімді тетігі және түрлі диалог алаңдары пайда болды. Мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен тікелей сөйлесуі қалыпты жағдайға айналды. Бұл тұжырымдама мемлекеттік қызметшілер мінез-құлқының жаңа моделін қалыптастырды. Олар жауапкершілікпен, проактивті, ашық және тиімді жұмыс істей бастады. Дегенмен, мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың сапасын одан әрі арттыра түсу үшін бәріміз адал әрі әділ болуымыз, тек заң аясында әрекет етуіміз, берген уәдеміз бен ісіміз үшін жауап бере білуіміз керек» деп атап өтті.
Қ. АБДРАХМАНОВ,
Жетісу облыстық қоғамдық кеңес мүшесі, Сарқан ауданының құрметті азаматы.