Елімізде Заң және тәртіп қағидатын қалыптастыру маңызды рөл атқарады. Бұл – бәріне бірдей бұлжымас қағида. Заңның сақталуы, азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыру – маңызды міндет. Дамыған қоғам жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке, бұзақылыққа жол бермейді.
– Әділетті Қазақстанды құрудың басты шарты, – деді Мемлекет басшысы таяуда сөйлеген сөзінде. Заң мен тәртіп қағидаты барлық салада, әсіресе мемлекеттік органдарда үстем болуға тиіс. Жалпы, қоғам заңға бағынғанда ғана біз айтып жүрген құқықтық мемлекет қалыптаспақ. Азаматтардың заңға бағынуы олардың құқығын шектеу емес. Керісінше, тәртіпке бағынған қоғам өркениетті болады. Бұл мемлекеттің қауіпсіздігін нығайтып, демократияны дамыта түседі. Бүгінгідей күрделі геосаяси жағдайда елімізді сақтап қалу жолында азаматтардың мұны терең түсінгені ләзім. Өйткені заң үстем болмаған елде тұрақтылық болмайды. Ал тұрақтылық жоқ жерде сәйкесінше даму да болмайды.
Е. ДАРМИШЕВ,
Сарқан аудандық мәслихатының депутаты, Сарқан политехникалық колледжінің директоры.