Мемлекет – әлемдік аренада өзіндік
позициялық орны бар саяси құрылыс. Ол тек саяси құрылыс қана емес, сонымен
қатар, миллиондаған адамның тағдырында өзіндік рөлі бар жиынтық ұғым. Кез
келген құрылыстың негізін қалаушы іргетасы болатыны сияқты, мемлекеттің де
негізгі іргетасы – халық болып саналады. Ал біз оны қалай түсінеміз?!
Тарих сахнасында мыңдаған билеушілер өмір сүрді. Олардың қай-қайсысы болсын,
өзінің саяси тәжірибесінен түйген бір қорытынды ой қалдырғаны белгілі. Оның барлығы
сайып келгенде, «Мемлекетті бар қылатын да, жоқ қылатын да – халық» деген
мағынаны білдірсе керек. Шындығында, қай елдің болсын, тұрақты өркендеуінің
кепілі – халықтың бас амандығы мен денінің саулығында жатыр.
Елімізде басты капитал – ұлттың саулығы
бірінші орында тұрады. Жыл сайын ел тұрғындарының денсаулығын нығайту
мақсатында, оның ішінде, адам өміріне қауіп-қатер төндіретін індеттерден
қоғамды аман сақтап, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру бағытында түрлі
іс-шаралар қолға алынуда.
Халықтың ең басты байлығы – денсаулыққа көңіл бөлу – болашағын ойлаған
мемлекеттің ғана қолынан келеді. Сондықтан, Тәуелсіз ел болашағының жарқын
екендігіне ешбір күмән болмаса керек.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ, ұлттың саулығы – елдің
болашаққа деген жарқын қадамы.
Ж. МҰҚАШЕВ,
Сарқан ауданының құрметті азаматы.