Бүгінгі күні елімізде 450 мыңнан астам жүк автокөлігі тіркелген, олар күнелікті ел аумағы бойынша жүк тасымалдайды. Бұл көлік құралдары, әсіресе олардың салмақтық және көлемдік сипаттамаларын ескере отырып, жол жамылғысының жағдайына айтарлықтай әсер етеді. Көлік жүйесінің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету және автожолдарға артық жүктемені болдырмау үшін ауыр салмақты көліктердің салмағы мен өлшемдерін тиімді бақылау қажет.
Аталған мәселелерді шешу мақсатында 2025 жылға дейін 220 автоматтандырылған өлшеу стансасын (АӨС) орнату жоспарлануда. Стансалар тәулік бойы жұмыс істейді және автокөлік құралдарының салмағы мен өлшемдерін үздіксіз бақылауды қамтамасыз етеді. Бұл көлік ағынын тиімді бақылауға, шамадан тыс жүктемелердің алдын алуға және республикалық жолдардың қалыпты пайдаланылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта елде 45 АӨС орнатылған, олардың ішінде:
● 25 станса «ҚазАвтоЖол» АҚ орнатылған;
● 7 — Астанада;
● 1 — Қостанай облысында;
● 12 — Үлкен Алматы айналма автожолында (ҮАААЖ) орналасқан.
Бұл стансалар ауыр автокөлік құралдарының қозғалысын бақылауға және салмақ-габариттік нормалардың бұзылуын нақты уақыт режимінде тіркеуге мүмкіндік береді. Бұл жұмыс тиімділігін едәуір арттырып, адами факторды азайтады.
Қазақстанда бақылау жүйесін одан әрі жетілдіру үшін қозғалыс барысында автокөлік құралдарын автоматты түрде өлшеуге арналған «Сергек» қағидатын енгізу жоспарланып отыр.
Ж. МҰҚАШЕВ,
Сарқан ауданының құрметті азаматы.