Жетісу облысы құрылғаннан бері 43 жаңа өндіріс іске қосылып, жұмыс істеп тұрған 9 өндіріс кеңейтілді. Соның нәтижесінде бір мыңнан астам адам жаңа жұмыспен қамтылды. Бұл жайында бүгін Астанада өткен брифинг кезінде Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев айтты, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс басшысының мәліметінше, күнбағыс майын өңдейтін, кейінгі кезде тоқтап тұрған «Агрокомплекс Жетісу Мажико» зауыты жұмысын қайта бастады, оның жылдық қуаты — 500 тонна. Талдықорғанда өнеркәсіп аккумуляторларын өндіретін «Asma Industrial» заманауи зауыты іске қосылды. Сол сияқты тау-кен секторын дамыту аясында құны 1,3 трлн. теңге болатын, 2 мыңнан астам жұмыс орнын құратын, қуаттылығы жылына 860 мың тонналық мыс концентратын құрайтын металлургия комбинатын салу бойынша ірі жобаны іске асыру басталды.
- Мемлекет басшысының Жолдауында атап көрсетілгендей, біз еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылдауымыз қажет. Бұл ретте қазір облыста цемент, аккумулятор батареялары, керамика плиткаларын шығару жолға қойылып, құрама жем, күн панельдерінің өндірісі дамуда. Жалпы өңірде 549 өнеркәсіп орны тіркелген, онда 30 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Оған қоса Жетісуда баламалы энергетиканы дамытудың зор әлеуеті бар, — деді Б. Исабаев.
Жалпы, облыстың 2030 жылға дейінгі инвестициялық портфелінде 2,6 трлн. теңгеге 189 жоба бар, онда он бір мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделген, оның ішінде 121 жоба іске асыру сатысында.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі