Бүгінгі күнге дейін «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында және «Қорғас» ШЫХО-да құны 63,3 млрд. теңге болатын, екі мың жұмыс орны бар 27 жоба іске асырылды. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен брифинг барысында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев айтты, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
— Облыстағы экономикалық өсу, әрі инвестиция тарту нүктелері — Қорғас желісі мен «Достық» станциясы. Қытаймен шекаралас бұл аймақтардың көлік-логистикалық әлеуеті зор. Осы орайда инвестиция тарту, жүк легі мен транзитті ұлғайту, өткізу пункттерін жаңғырту бағытында тұрақты жұмыстар жүргізіліп келеді, — деді Б. Исабаев.
2027 жылдың соңына дейін 1,1 трлн-ға 79 жобаны іске асыру жоспарлануда, оларда 9 мыңнан астам жұмыс орны құрылады, соның ішінде «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА-да жүк және жолаушылар әуежайын салу бойынша Қазақстан-Германия бірлескен жобасы іске асырылуда.
Өңір басшысының айтуынша, «Достық» станциясында қуаттылығы жылына 350 мың контейнер болатын «Dostyk Trans Terminal» көпфункционалды жүк тасымалдау терминалының 3-ші және 4-ші кезеңінің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ «Евротранс Групп» ЖШС-ның қолданыстағы логистикалық жүк тасымалдау терминалы ауданы 40 гектар және құны 50 млн. АҚШ доллары болатын уақытша сақтау қоймасын салуға дайындық жұмыстарын атқарылып жатыр. Кеден саласын одан әрі дамыту үшін осы жылдың қаңтар айында станцияда тәулігіне 200 автомобиль өткізуге қабілетті «Dostyk Customs Service» уақытша сақтау жаңа терминалы ашылды.
— «Үшарал-Достық» жолын реконструкциялаудың аяқталуына байланысты халықаралық жүк айналымының легі ұлғайды және кеден пункттерін кеңейту қажеттілігі туындады. Мәселен, «Алакөл» автомобиль өткізу пунктінің қозғалыс жолағын 2-ден 6-ға дейін кеңейту жұмыстары аяқталуда, соның арқасында көлік құралдарын өткізу қабілеті тәулігіне 200-ден 1600-ге дейін артады, — деді облыс әкімі.
Бұдан бөлек, «Достық-Мойынты» темір жолының құрылысы жүргізілуде. Жоба «Достық» станциясының өткізу қабілетін 5 есеге, яғни 12-ден 60 пойызға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді түсірген: Жеңіс Ысқабай, Дмитрий Ерофеев