
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басындағы құттықтау сөзінде Қазақстанның стратегиялық бағдары айқын ел ретінде тұрақты дамып келе жатқандығын тілге тиек еткен. «Біз ынтымақ-бірліктің және қажырлы еңбектің арқасында ауқымды іс-шаралар атқардық. Жаңару мен жаңғыру жолындағы маңызды реформаларды жүзеге асырдық» деді мемлекет басшысы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өткен жылы сәуір айында жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бастау алды. Көктемгі су тасқынына байланысты қиындықтарға қарамастан, Мемлекет басшысы өңір әкімдеріне айналаны тазалау мен абаттандыру жұмыстарын жедел түрде қолға алуды тапсырды. Президент бұл бастаманың тұрақты және жалпыхалықтық сипат алуы қажет екенін ерекше атап өтті. Акцияның басты мақсаты – қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Жыл бойы жүргізілген бұл акцияға шамамен 2,4 миллион адам атсалысты. Нәтижесінде жүздеген мың аула мен аумақ тазартылып, 900 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Таза ауа мен жасыл желек үшін 2,5 миллионға жуық көшет отырғызылды.
Аталған акцияның арқасында адамдардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігі күшейді.
А. ЕРБОЛАЕВ,
Сарқан қалалық ақасақалдар алқасының төрағасы.
