
Жуырда президент өткен жылды қорытындылап, келер жылға міндеттер қойды.
Былтырғы жылы көктемгі су тасқынына қарамастан, елде 26,7 млн тонна астық жиналды. Бұл соңғы 10 жылда болмаған рекордтық көрсеткіш. Мұндай жетістік мемлекеттің диқандарға көрсеткен жүйелі қолдауы мен қамқорлығының нәтижесі. Көктемгі егіс пен жиын-терін жұмыстарын қолдау үшін алғаш рет жарты триллион теңгеден астам қаржы бөлініп, 5 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие берілді. Азықтүлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және негізгі азықтүлік тауарлары бойынша импортқа тәуелділікті азайту мақсатында маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Дәнді-дақылдар селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамытуға арналған кешенді жоспар қабылданып, диқандарды отандық тұқыммен толық қамтамасыз ету шаралары қолға алынды. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту қарқынын жылына 8-10 пайызға жеткізу үшін 120 млрд теңге бөлініп, 5 пайыздық мөлшерлемемен лизингке беру бағдарламасы іске қосылды. Өндірілген азықтүлікті сақтап, тұтынушыларға жеткізу үшін қойма-логистика кешендерінің құрылысы жоспарланған. Алдағы жылдары жалпы сыйымдылығы 700 мың тонна болатын қоймалар салу көзделуде. Биыл алғаш рет өткен Қазақстанның ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында агроөнеркәсіп кешенін дамыту міндеттері анықталды.
Осылайша жоғарғы жақтан ауылды дамытуға басты бағыт
белгіленіп, қолдау да артуда. Бұл өз кезегінде шаруа адамдарына қосымша міндет
жүктеліп, жауапкершіліктері де артуда. 2025 жылы бізді жаңа сынақтар мен мүмкіндіктер күтіп тұр.
Жыл қорытындысы көрсеткендей, бізге жеңістерімізден рухтанып,
кемшіліктерімізден сабақ алуымыз қажет.
Ж.
САСАНБАЕВ,Сарқан ауданының құрметті азаматы.
