Наурыз мейрамы тойланды

Шадыман шаттығын жетелеп көктем де келді. Алла нәсіп етіп, тағы бір амал айымен, тағы бір көктеммен, алыс-жақындағы ағайынмен қауышуға жазды. Жылда асыға күтетін Ұлыстың Ұлы күні – жайма шуақ наурыз биыл да табалдырығымыздан аттады. Ежелден келе жатқан көктем мезгілінде тойланатын бұл мереке ырыстың, береке мен молшылықтың, бірліктің, бейбітшілік пен көктемгі жаңғырудың мерекесі, ол әрбір қазақстандық үшін қымбат. Қоғамда бейбітшілікті, келісімді, достықты нығайтуда оның атқарар рөлі ерекше.

Бұрыннан шығыс күнтізбесі бойынша Наурыз Жаңа жылдың басталғандығын білдіреді және көктемгі күн мен түннің теңесуімен дәл келеді. Халқымыздың тұрмысында, әдет-ғұрпында ерекше орын алатын, ертеден – ақ мерекеленіп келе жатқан мейрамның бірі болып табылады. Наурыз – «Жаңа ұғым» деген мағынаны білдіретін парсы сөзі. Қардың еріп, көктің шыға бастайтын бұл кезді жұртшылық қуана қарсы алады. Мал төлдеп, шаруаның арқасы кеңіп, бала-шағаның, жалпы үлкен мен кішінің аузы аққа тиіп, бәрі зор қуанышқа ие болады. Сондықтан да бұл күн «Ұлыстың ұлы күні» деп аталған. Наурызда туған-туыс, дос-жаран бас қосып береке-бірлік, ынтымақ-жарастық тілеседі. Өкпе-наздарын кешіреді. Өйткені, бұл мейрам ақтың молаятын, күннің ұзаратын, тіршіліктің жаңаратын, өмірдің жаңғыратын, пейілдің түзелетін, көңілдің кеңитін кезеңнің бастамасы. Лепсінің жері кеңіп, тіршілік атаулыға жылулық әкелетін молшылық мейрамын 22-наурыз күні лепсіліктер де кең ауқымда атап өтті.

Бұл күні дүбірлі той, ақ түйенің қарны жарылған күн болды. Таң атқаннан алаңға жиналған халықтың қарасы қалың. Жұрт бар жақсысын киіп, ауыл аралап, бір-біріне жақсы тілектер айтуда. Лепсі ауыл округінің әкімі Г.Серікбаева бастаған және барша мекеме басшылары, ауыл тұрғындары да костюмді қазақы шапанға алмастырған. Бата сұраған жұртқа адал ниетпен ақсақалдар да ақ батасын аямауда. Халқымыздың ертеден тойланып келе жатқан бұл мейрамды көпшілік зор қуанышпен тойлауда. Қаз-қатар жасау-жабдығы келiсіп тігілген 10-нан астам ақшаңқан киіз үйлер қазақтың кербез сәні мен салтанытының айғағындай. Мәдениет бөлімі де ашық аспан астында дастархан жайып, мерекенiң думанын қыздыра түскен. Қайсы шаңыраққа бас сұқсаңыз да әсем әннен шашу шашылып, күй төгiлуде. «Жақсыны көрмек үшiн» дегендей, «Наурыз ауыл» көрер көздi сүйсiндiредi. Негiзiнде жыл басының астарында «Наурызда жақсы атаулының бәрiн халыққа көрсетiп, ұсынады» деген түсiнiк қалыптасқан. Осыған орай әрбiр киiз үйдiң жасауы да өз ерекшелiгiмен бiр-бiрiнен үстем түскiсi келгендей бар жақсысын жайып салыпты. Ұйымдастырушылар қазақтың алты қанат ақ боз киіз үйлерін қазақтың әсем ою өрнектері салынған текеметтер және түскиіздері мен үй ішін безендіріп, дала өркениетін көрсетуге тырысқан. Әр жерде «Наурыз құтты болсын», «Ұлыс оң болсын» деп жазылған жазулар жарқырап тұрды. Алаңды торлаған қызыл, көк, сары, жасыл, яғни түрлі-түсті жалаушалар мен шарлар көздің жауын алады. Бұл күні аспан ашылып, күн жылынып, табиғат та нұрланып сала берді. Мейірімін шашқан көктемнің бұл күнін көпшілік берекенің бастауы десіп, жақсы нышанға балап жатты.

Мерекенiң ашылу салтанатында әр мектептен оқушылар ән айтып, би билеп, ұлттық салт-дәстүр көріністері көрсетілді. Жиналған қауымды наурыздан наурызға дейiнгi жетiстiктердi жария етiп, Ұлыстың ұлы күнiмен құттықтады. Кимешек киген аналар жаңа күннiң дәмi – наурызкөже, бауырсақ, тәттiлерiн мiнбеде отырған қонақтар мен жалпы көпшiлiкке үлестiрiп, ақтан ауыз тигiздi. Сондай-ақ, мектеп оқушыларының гір көтеру, ұжымдар арасында арқан тарту, қол күрес және қазақша күрес сынды ұлттық ойындардан жарысқа түсуі және бокстан көріністер көрсетіліп, мерекенің шырайын кіргізді. Ойынға қатысқан жеңімпаздарға, сондай-ақ көп балалы аналарға, жағдайы төмен отбасыларына демеушілердің атынан бағалы сыйлықтар мен ақшалай сыйақылар берілді.

Сонымен қатар көршілес Көкжиде ауылында 2007 жылғы түлектердің ұйымдастыруымен көкпар, футбол ойындарынан жарыс өтті. Жеңімпаздар ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Өнерпаздардың музыкалық-мерекелік сәлемінен соң, ортаға ауыл әкімі Г.Серікбаева және мекеме басшылары жиналған жұртшылықты наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтап, көпшілікке ақ тілектерін арнады.

Жиылған жұртшылық ашық аспан астында ән айтып, би билеп, мерекені көңілді күймен тойлады.

 

Мадина АЙТОВА.

Лепсі ауылы.

Мәліметпен бөлісу: