
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдағы қылмыстың алдын алудың аса маңызды аспектісі болып табылады. Заңды, әлеуметтік пайдалы қызметке және қоғам мен өмірге ізгілікті көзқарас қалыптастырып, жастарды қылмыстық қызметке жол бермейтін қағидаларға тәрбиелеу қажет.
Жасөспірімдердің арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында құқықтық сауаттылық пен құқықтық мәдениетті арттыру өте маңызды. Осы тұста жоғары сынып оқушыларына құқықтық тәрбие беру, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және оны болдырмау мақсатында жиындар жиі өткізілуде.
2025 жылдың 29 қаңтар күні Лепсі ауылдық кітапханасында «Жасы кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу» тақырыбында кездесу өтті. Іс-шараның мақсаты – оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және олардың қоғамдағы жауапкершілігін нығайту. Іс-шараға мектеп оқушылары қатысты. Кездесуді кітапхана қызметкері М.Қаиржанқызы жүргізді. Ол жасөспірімдерге заң талаптары, құқықтары мен міндеттері туралы түсіндіріп, құқық бұзушылықтың салдары мен оның болдырмау жолдары жайлы ақпарат берді.
Шара барысында оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, құқықтық мәселелер бойынша пайдалы кеңестер алды. Сонымен қатар, құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығы, отбасындағы тәрбиенің рөлі және заңға бағынудың қажеттілігі талқыланды.
Кездесу соңында қатысушыларға құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған ақпараттық материалдар таратылды. Іс-шара тиімді әрі мазмұнды өтіп, жасөспірімдер үшін маңызды құқықтық ақпарат алуға мүмкіндік берді.
