Жетісулық экоактивист Мемлекет басшысының қолынан марапат алды!

Бүгін, 21 сәуір күні Астана қаласында өткен республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық фестиваліне Жетісу облысының атынан қатысқан делегацияның құрамында Қызайбай Ақерке Досымханқызы ерекше көзге түсті. Ақерке – І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша 2 курс студенті, Жетісу облысы бойынша Қазақстан студенттері Альянсының төрайымы және облыстық студенттік омбудсмен.

Ол «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Жетісу облысында өткізілген барлық экологиялық іс-шараларға белсенді атсалысып, аймақ жастарының бастамаларын ұйыстыра білді. Ақеркенің үйлестіруімен 2 қала мен 8 ауданда сенбіліктер, ағаш отырғызу, қоқыс жинау акциялары, экологиялық челлендждер мен флешмобтар, эко-дәрістер мен ақпараттық кездесулер өткізілді.

Облыс бойынша жалпы 4580 волонтердің қатысуымен 110 экологиялық акция ұйымдастырылып, қалалар мен ауылдарда аулалар, көшелер мен су айдындары тазартылды. Ақерке бұл шаралардың ұйымдастыру жұмысына тікелей араласып, өзі де волонтерлік жұмысқа белсенді қатысты.

«Таза бейсенбі», «ROAD-эстафета», тарихи-мәдени мұра ескерткіштері мен объектілерін вандализм іздерінен тазарту сияқты кең ауқымды бастамаларға 226 мыңнан астам адам қатысқан болатын. Бұл бастамаларға Ақерке жастар өкілі ретінде ғана емес, экосананы қалыптастырушы көшбасшы ретінде үлес қосты.

Іс-шаралар барысында облыс тұрғындары, кәсіпорындар мен мекеме қызметкерлері, жастар, волонтерлер, шағын және орта бизнес, медицина, білім, мәдениет және спорт саласының өкілдері жұмыла жұмыс істеді. Барлығы 1 990 арнайы техника жұмылдырылып, 10 714 тонна қоқыс шығарылды, 2 445 шақырым арық желісі тазартылып, 40 100 түп көшет отырғызылды.

Фестиваль аясында Ақерке арнайы шақыртылған 150 жас экоактивисттің бірі ретінде форум жұмысына қатысып, Мемлекет басшысының қолынан «Жасыл Университет» номинациясы бойынша марапат алды. Бұл марапат – оның өңірлік деңгейдегі белсенді еңбегінің, жастар арасындағы экоқозғалысты дамыту жолындағы қажырлы жұмысының нақты нәтижесі.

Іс-шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Астана қаласы әкімдігімен бірлесе отырып ұйымдастырды. «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы еліміздің экологиялық мәдениетін жүйелі түрде дамытуға бағытталған және 2024 жылдан бастап іске асырылып келеді.

Жетісу жастарының атынан осындай марапатқа ие болу – үлкен жауапкершілік әрі болашақтағы жаңа бастамаларға шабыт.

Мәліметпен бөлісу: