Бір ел, бір мүдде


Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуына орай этносаралық қатынас саласындағы теңдессіз қоғамдық институттың кезекті сессиясы өтті. Қазақстан парламентаризмі тарихында алғаш рет «Бір ел – бір мүдде» атты палатааралық депутаттар тобы құрылды. Бұл топ қоғамдық келісімді нығайту мәселелерімен айналысады деп атап көрсетілді ел Президентінің баяндамасында.
-Ассамблея қоғамдық ұйымдармен және институттармен тығыз байланыста жұмыс істеп, еліміздің ішкі саясатын жүзеге асыруға белсене атсалысып келеді. Осылайша, мемлекет пен қоғам арасында сындарлы әрі жемісті диалог орнатуға ықпал етуде. Қазақстан халқы Ассамблеясының 12 мүшесі Ұлттық құрылтай құрамында табысты еңбек етіп, елдік бастамаларға өз үлесін қосып жатыр,- деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
ҚХА Хатшылығы Президент Әкімшілігінің дербес құрылымдық бөлімі саналады. Барлық өңірде Достық үйі бар. Онда мыңнан астам этномәдени бірлестіктер орналасқан. Сондай-ақ облыс әкімдіктерінде «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемелері құрылды. Ассамблея құрылымында төрт мыңнан астам қоғамдық ұйым жұмыс істейді. Бұл ұйымдардың мақсаты – бір, бұл – азаматтарымызды елдік маңызы бар жұмысқа тарту, яғни ортақ іске жұмылдыру. Мысалы, Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесі отбасы институтын нығайтуға, жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеуге атсалысып, ауқымды жұмыс жүргізуде.
Ассамблея сессиясында Ахмед Мурадов және басқа да Ассамблея мүшелері ҚХА ардагерлерінің «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасын жүзеге асыруға белсенді түрде қатысатынын айтты. «Ассамблея жастары» ұйымы мен оның құрамындағы Студенттік Ассамблея, Жас ғалымдар клубы, «Жаңа толқын» жобасы сияқты құрылымдар мыңдаған жастарымыз үшін нағыз бірлік пен ынтымақ, отаншылдық пен азаматтық жауапкершілік мектебіне айналып, елімізде жаңа қоғамдық этиканы орнықтырып, «Адал азамат» қағидатын насихаттауға елеулі үлес қосып жатыр.
Сессия барысында былтырғы көктемгі су тасқыны кезінде зардап шеккен жандарға көмек қолын созған азаматтар «Ел бірлігі» орденімен марапатталып, Еңбек күнінің мәртебесі айқындалып, отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісін көрсеткен Еңбек Ерлері дәріптелді. Сессияда сондай-ақ мәдениет пен өнердің әлеуетін толық пайдалану басты назарда тұрды. Осындай әлеуметтік жүгі зор мәселелер талқыланған Ассамблея сессиясы өз мәресіне жетті.
Жомарт Игіман, «Сарқан газеті» ЖШС директоры.

Мәліметпен бөлісу: