Қазір адамдар қызмет орнында да, үйде де компьютермен жұмыс істей береді. Оның өмірімізге, кеңінен енгені соншалықты, бала біткен ойыншықпен емес, компьютермен ойнап, өзінің өмір танымын ғаламтордағы желі ішінде қалыптастырады. «Ойын баланың алдынан өмір есігін ашып, оның шығармашылық қабілетін дамытады, ойынсыз ақыл ойдың қалыптасуы мүмкін емес»-деген В.Сухомлинский. Қазіргі күнкөріс қамы мен заман ағымының күрделілігі, көптеген ата-аналар тәулік бойы балаларының тыныс-тіршілігіне бақылау жасай алмай, олар шектен тыс бейне монитордың алдында отырғандықтан денсаулығына зор зиянды әсер алады. Осыған орай оқыс жағдайлар, аяқ асты баланың өлімі көбейіп кеткені, балалардың ата-ана қарауынсыз қалып бара жатқаны қынжылтады.
Жеткіншіктер үшін ғаламтордың бір зиянды жағы: мұнда әр түрлі құмар ойындары, зиянды бағдарламалар көп. Алаяқтар мен хакерлер жастарды ғаламторға тәуелді етіп, бұлыңғыр қарым-қатынас, жыныстық байланыс жасауға шақырып, виртуалды әлемге қызықтырып, ақыл-ойы әлі қалыптаспаған ұл-қыздарымызды еліктіріп, есінен айырады. Әрине, қазіргідей техникалық-ғылыми прогресс дамыған заманда компьютердің, ғаламтордың дұрыс пайдалана білген адамға пайдасы зор. Ол талас туғызбайтын ақиқат. Тек оған біздің көптеген жастарымыздың таным-түсінігі жетпей жататыны болмаса.
Осы орайда есте болатын бір жағдай, он жасқа дейінгі балалар ата-анасы рұхсат берген сайттарға ғана енуге тиіс. Бұл ақпараттық технологиялар мамандарының, дәрігерлердің талабы. Ең бастысы, кәмелетке жасы толмаған балалардың электронды поштасына енуге ата-анасының мүмкіндігі болуға тиіс. Ол ең бірінші, сол баланың қауіпсіздігі, бақытты болашағы үшін қажет. Әсіресе, балалар он төрт жасқа толғанында өз-өзімен болып, оқшаулана бастағанында, ата-анасы олардың беймәлім адамдармен ғаламтор арқылы танысуына жол бермеуге міндетті. Мамандардың ақыл-кеңесіне құлақ ассақ, ғаламтор балаларға қауіпсіз болсын десек, оны үнемі жаңа бағдарламалармен жабдықтап, спамфильтр орнатуымыз, қауіпсіздік туралы ақпараттарды біліп отыруымыз керек. Баламыздың ғаламтордағы компьютерлік ойындарға тәуелділігін тексеріп, сол бойынша тиісті шаралар қолданып отыруымыз да – ата-аналық парызымыз.
Психолог мамандарының айтуы бойынша адамдар бір-бірімен мәміледе болуы қажет.1. Балаларыңызға туысқандарыңызды таныстырып, олармен араласуына септігін тигізіңіз. 2. Дастархан басында бірге ас ішіңіздер. 3.Отбасылық күнді белгілеңіздер.4. Баланың араласатын ортасымен танысыңыз. «Отан от басынан басталады»- дегендей отбасылық тәрбиені қолға алайық.
С.Кабденова,
Н.Островский атындағы мектеп-лицейінің педагог-психологы.