Абай атындағы мектеп-гимназиясында «Мен елімнің тірегімін» атты жас ақындар байқауы өтті. Білімді ғалымдыққа, өнерді тағылымдыққа, тәртіпті тәлімдікке бойлатқан ұстаздар қауымы, ауданға танымал ақын ретінде маған қонақжайлық көрсетіп, байқау бағасының тізгінін қолыма ұстатты. Тәрбие ісінің меңгерушісі Урумбазарова Данагул Мұхатайқызы жас ақындар үйірмесінің жетекшісі Смаханова Ұлжан Өзбекханқызы Ұстаздық еткен жалықпас-үйретуден балаға» -деген ұстанымдарын тынымсыз еңбектерінен байқадым.
Мен бүгін көзі ашылған бұлақты, жарқыраған шырақты көрдім. Жүздері нұрлы, сүйетін жырды, балауса арман балғын құрақты көрдім. Үйірме мүшелері қас қағымда, бір шумақты өлең шығарды. Оза шауып, орын алғандар: Оразмолда Айман, Байғонысова Арайлым, Нұрдәулетұлы Еркін, Смағұл Назерке т.б. Үкілі үміттерімен өлең өлкесіне самғаған жас ақындар мақтау қағазымен марапатталды. Мен де құр алақан келмедім, аға буын ақындар ауылынан, жазушылар одағының мүшесі, ақын Жомарт Игіманның, ой елегінен өткен, аудандық топтама «Сарқаннан ескен жыр самал» атты кітапты үйірме мүшелеріне арнап алып келдім. Өнерлі өрендерімнің өнеріне кенелдім. Көңілімнің көкжиегі кеңейіп, жыр шуағына бөлендім. Қанаттарың талмасын жыр кептерің самғасын өнерлі өрендерім!
Күләш Бисекеева,
зейнеткер.