Қоғам тыныштығы бәрінен де жоғары

Ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде діни жат ағым өкілдерімен күресудің, діни радикализмнің алдын алудың маңыздылығы сөзсіз жоғары. Аймақтарда бұл тұрғыдағы түйткілдер қалай шешілуде, жауапты сала мамандарының тиімді жұмыс жасауына не кедергі?

Өткен жұмада аудандық ішкі істер бөлімінде өткен жиында осы қатарлы бірқатар сауалдарға жауап ізделініп, келешекте жемісті жұмыс жасаудың алғышарттары келісілді. Ауылдық, қалалық округ әкімдері, ауыл имамдары, тәртіп сақшылары бас қосқан отырысты аталмыш лауазымға жаңадан тағайындалған аудандық ішкі істер бөлімі Жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Өркен Азимханов ашып құзырлы орган тарапынан терроризм мен экстремизмнің алдын алу мақсатындағы жұмыстарды саралады. Арнайы рейдтік шаралар, дәстүрлі емес діни ағымдарды ұстанған жандарды анықтау, олармен ағарту жұмыстары, мектеп оқушыларымен, жас буынмен тиісті алдын алу шаралары баяндамашының негізгі сөзіне арқау болды.  Сөзінің соңында көтеріліп отырған мәселенің өзектілігіне орай ынтымақтаса жұмыс жасауға шақырды. Келелі кеңеске арнайы шақырылған ауданның бас имамы Серікбек Асқар еліміздің жүйелі дамуында, тұрғындарымыздың бейбіт тірлігінде тұрақтылықтың, тыныштықтың алар орнын өз сөзіне арқау етіп көңілге қонар пікірімен бөлісті. Бас имам сондай-ақ ортақ мәселенің ойдағыдай шешілуінде жауапты сала мамандарымен бірлесе жұмыс жасауға дайын екендігін айта келе істі ілгерілетер бірқатар ұсыныстарын білдірді.

Кеңесті қорытқан Жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Өркен Талғатбекұлы ынтымақты шаруаның игілікті боларына сенім білдірді.

 

П.Жеңісхан.

Мәліметпен бөлісу: