
♻️«Таза бейсенбі»: Туған елге деген қамқорлықтың жарқын үлгісі
✅Елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қоршаған ортаны қорғау бағытында қолға алынған «Таза бейсенбі» акциясы кеңінен қанат жайып келеді. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында әр апта сайын өткізілетін бұл шара өңірдің түкпір-түкпірінде қолдау тауып, мыңдаған азаматтарды ортақ іске жұмылдырып отыр.
🔸«AMANAT» партиясының белсенділері мен жақтастары атсалысып келе жатқан бұл игі бастама аясында Жетісу облысынла бүгінге дейін 33 мыңнан астам адам қатысып, 48 мың тоннаға жуық қоқыс жиналды. Акция кезінде өзен-көл жағалаулары, өндірістік аймақтар мен жол бойы, қоғамдық орындар мен демалыс алаңдары тазартылды.
🔸Жетісу облысына қарасты Сарқан қаласында өткен аптада «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің көше жиегінде абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, аймақ тұрмыстық қалдықтан тазартылды. Ал Ескелді ауданының Қарабұлақ ауылында балалар ойын алаңдарының маңынан 2 тонна қоқыс жиналып, арнайы полигонға жеткізілді.
- «Таза бейсенбі» акциясы – табиғатты қорғауға бағытталған бір реттік шара ғана емес, бұл – қоғамда экологиялық сананы қалыптастырудың нақты тетігі. Біздің тұрғындар белсенділік танытып, туған жердің тазалығына үлес қосуда. Мұндай игі істер арқылы жастарымызды еңбекке баулимыз, үлкендерімізге үлгі көрсетеміз. Бұл – ортақ жауапкершілік», — деді Сарқан аудандық партия филиалының төрағасы Жалел Құдияров.
🔸Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар тек тазалықпен шектелмейді. Олар балаларды еңбекке баулып, қоршаған ортаға деген қамқорлықты, туған жерге жауапкершілікпен қарау дағдысын қалыптастыруға сеп болады. Мәселен, Текелі қаласында партия мүшелері №3 орта мектеп аумағын ретке келтіріп, оқушылар үшін жағымды орта қалыптастыруға өз үлестерін қосты.
