
Дарынды балалармен жұмыс жасау мұғалімнен үлкен ізденісті, көп еңбектенуді талап етеді. Барлық баланың ерекше қабілетін ашуда психолог мамандардың да зерттеулері маңызды. Ұлы ойшыл Плутарх: «Көптеген табиғи талант дарынсыз ұстаздардың кесірінен жойылып кетеді» деген екен. Осы сөзді ескере отырып, балаларды шығармашылыққа баулуда қажымай –талмай еңбек ету әрбір мұғалімнің міндеті. Қазіргі кезде қоғамға қажетті мамандықтар бейімділікті, ептілікті, шапшаңдықты, өзінше ерекше ойлау қабілетін, қиындықтан аз күш жұмсап шыға білуді, адамдармен тіл табыса білу өнерін, өзін қоршаған жағдайларға тез икемделгіштікті, сезімталдықты талап етеді.
Дарынды баламен жұмыс мұғалімнің бақылауымен тікелей жүзеге асып отыруы қажет. Жас ерекшелігін ескере отырып қабілетіне қарай баланы жүйелі дамытып қолдау көрсетіп отыру – келешек жастардың мемлекетімізге әкелер үлесінің зор екендігін айқындай түседі.
Дарынды оқушымен жұмыстың негізгі мақсаты – олардың шығармашылық жұмыста өзінің қабілетін іске асыруға дайындығын қалыптастыру. Ал мақсатқа жету оқу бағдарламасын тереңдетіп оқыту және оқушының танымдық белсенділігін дамыту арқылы жүзеге асады.
Ж. МҰҚАШЕВ,
Сарқан ауданының құрметті азаматы.
