Ел бірлігі – ең асыл қасиет

 «Біздің баға жетпес байлығымыз — бабалардан өсиет боп қалған, халқымызға қасиет боп қонған береке-бірлігіміз. Құнды қазынамыз — тарих табыстырып, тағдыр тоғыстырған халқымыз». Елбасымыздың  осынау даналық сөзі 130 ұлт өмір сүретін Қазақстан Республикасы үшін өз құндылығын ешқашан жоғалтпақ емес. Бүгінде егемен елімізде әрбір ұлтқа салт-дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, тілінің жетілуіне қамқорлық көрсетілуде, қолайлы жағдай жасалуда. Өзара түсіністік, ұстамдылық, әр түрлі ұлттар өкілдерінің рухани және мәдени құндылықтарына құрметпен қарау әдебі барлық этностарға ортақ жалпы халықтық идеалдар мен қасиеттерді қалыптастыруға әсер етті.

1 мамыр — Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесін орталық алаңда тойлаған сарқандықтар шара барысында әрбір ұлтқа деген осындай құрметті сезінді, қоғамдық келісімді әрі қарай нығайту еліміздің қалыпты дамуында шешуші рөл атқаратындығын ұғынды. «Ынтымақ, бірлік, келісім – ең басты байлық ел үшін» атауымен айшықталған мерекеде көпшілікті алдымен аудан әкімі Е.Қошанбеков  құттықтап жүрекжарды лебізін ақтарды.

-Құрметті аудан тұрғындары және қонақтар! Біз бүгін ізгілік пен бейбітшілікті, татулық пен тұрақтылықты, халықтың бірлігі мен мәдениетін паш ететін мереке – Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтудеміз.

Бұл мереке – барлық ұлт өкілдерінің ынтымақтастығы мен достығының, бейбіт өмірдің рәмізі. Олай болса, баршаңызды осы жарқын мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінгі күні елімізде 130-дан аса ұлт өкілдері бір тудың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр.

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінде: «Біз елдің бірлігі мен мемлекеттің сындарлы саясатының арқасында барлық сынақтардан абыроймен өттік. Ел иесі қазақ халқының маңына ұйысқан барша этностар оны жоғары бағалайды» деп атап өткен болатын. Ендеше, бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі ұлтаралық татулық әрдайым берік болып, қашан да ынтымақ, бірлік мәңгі жасай берсін дегім келеді! Бейбітшілік пен татулықтың арқасында бізді болашақта бұдан да жарқын, баянды күндер күтіп тұрғанына сенімдімін. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген ұлы бабалардан қалған ұлағатты сөз бар. Біз ел ішіндегі тұрақтылық пен татулықты одан әрі бекемдеп, барлық этникалық топтардың мәдениеті мен өнерін, салт-дәстүрі мен тілін сақтауға бағытталған жұмыстарды бұдан әрі де жалғастыратын боламыз!-деді аудан басшысы.

Өңір басшысының өнегелі сөздерін қуаттап бірқатар ұлт өкілдері сахнаға көтеріліп мерекелік құттықтауларын білдірді. Жиылған жұртшылық сол күні арнайы тігілген шатырларда сандаған ұлттардың салт-дәстүрін тамашалап, қойылымдарын көрді. Ал сахнада аудан өнерпаздары мереке көрігін қыздырып ұлттық болмыстарды бойларына сіңірген ән мен биден мерекелік шашу шашты.

П.Жеңісхан.

Мәліметпен бөлісу: