Парктер шеруі – 2018

Жуырда  «Жоңғар-Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ғимараты алдында «Парктер шеруі — 2018» табиғатты қорғау акциясы өтті. Шерудің мақсаты- ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды және мемлекеттік табиғи парк қорының нысандарын сақтап қалуға жалпы халықтың назарын аудару, табиғатты қорғауға деген қоғамның көзқарасын өзгерту.

«Жоңғар-Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 2010 жылы ашылып, қазіргі таңда республика деңгейінде алдыңғы қатардағы парктің бірі болып отыр. Парк директоры Есалы Барлықбаев жиынды ашып, өзі басқарып отырған ұжымның  жеткен жетістіктеріне тоқталып өтті.  Аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков құттықтау сөзіне  табиғат-ананың қою қаймағы бұзылмаған әсем де көрікті жерлерін қаз-қалпында сақтап, келешек ұрпаққа табыс ету міндетін арқау етіп, өз салалары бойынша алғы саптан көрініп жүрген бір топ мамандарға  алғыс хат табыс етті.   Әр  түрлі сирек кездесетін өсімдіктер мен аңдар, жан-жануарларды және басқа да құндылықтарды көздің қарашығындай қорғап, сақтап қалу мақсатындағы акцияға қатысушы парк қызметкерлері, қала жастары сол күні бұлақ көздерін ашып, ағаш көшеттерін отырғызды.

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: