Семинарды Экономика ғылымының докторы, профессор Ерлан Мұхтарұлы Арын өткізді. Онда қоғамның белсенді топтары қатысты. Жиында Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жан-жақты талданып, нақты маңызды жобалардың үлгілері атап айтылды.
«Көшбасшымыздың аталмыш бағдарламасы биыл екінші жыл іске асып отыр. Былтырғы жылдың нәтижесі жаман емес, алайда енді халыққа ұлттық сананы бірдей еңгізу оңай шаруа емес. Ол үшін мақаладағы негізгі бағыттарға байланысты көлемді жобалардың дүниеге келуі шарт. Ол жобалардың барлығы дерлік қоғам топтарын қамтуы, шалғай жатқан ауыл мен аудандырымыздың жастарының тартылуы, сол жобада қатысуы керек», — дейді Орталық сараптама кеңісінің мүшесі Ерлан Арын.
Жиында сонымен қатар, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Тұрсынбай Ғабит Тұрсынбайұлы облыста алғаш ашылған «Рухани жаңғыру» орталығы жайлы айтып өтті.
Семинар соңында Ерлан Мұхтарұлы Алматы облысының әлеуеті жоғары екенің айта кетіп, өз тарапынан ұсынған жобаларға тоқталды:
- Жалпы қазақ тілінде шамамен 600 мыңнан астам сөз бар. Соның 4000-ға жуығы парсы тілінен келген. Алайда қазақ халқының рухын білдіретін мың бір сөз тізгіні болу керек деп ойлаймын. Оларды міндетті түрде әр қазақ білуі , оның түпкі мағынасын түсінуі қажет. Ал сол сөздерді жан жақтан, яғни, «Оpen Zhetisu» форматында жинап, бір арнаға тоғыстырып, баршаға паш ету қазақ тілінің сөз қадірін одан ары арта түсірмек — деді ол.
Сондай-ақ, келесі күні Сарқан ауданы, Бақалы аулында Ерлан Арынның әкесі мемлекет және қоғам қайраткері, ірі ғалым және ағартушы Мұхтар Арынның ескерткіш-мүсінінің ашылу салтанаты өтті. Оған қоғам және мәдениет қайраткерлері, БАҚ өкілдері қатысты.
Ашылу салтанаты өте салысымен Алматы облыстық халық аспаптар оркестрінің мерекелік концертіне және облыс командалары арасында көкпар спорттық жарысына ұласты.