МӘДЕНИ МҰРАЛАРЫМЫЗ ПАШ ЕТІЛДІ

     Бейзаттық мұраға, яғни әр ұлттың өзіндік ерекшеліктерін, құндылықтарын айқындайтын материалдық емес (рухани) мәдени мұраға көңіл аудару ұлттың рухани дүниесін, өзіндік ерекшелігін сақтап қалудың ең басты тетігі.

     Халықтың тарихи жадын, дүниетанымын және өмір салтын көрсететін мәдени мұраны сақтау, насихаттау, келер ұрпаққа қаз қалпында табыстау айрықша маңызды.

Жалпы материалдық емес мәдени мұра – көзге көрінетін заттарда емес, халықтың рухани өмірінде, дәстүрінде, білімінде сақталатын құндылықтар. ЮНЕСКО анықтамасына сәйкес оған мыналар жатады: Ауызша дәстүрлер мен көріністер – жыр, ертегі, аңыз, мақал-мәтел, шешендік сөздер. Орындаушылық өнері – ән, күй, би, айтыс, театрлық дәстүрлер. Әдет-ғұрыптар, салт-дәстүрлер мен мерекелер – той-думан, ұлттық мерекелер, жыл мезгіліне байланысты рәсімдер (Наурыз мейрамы т.б.). Табиғат пен ғалам жөніндегі дәстүрлі білімдер – халық емшілігі, күнтізбе білімі, шаруашылыққа қатысты тәжірибелер. Дәстүрлі қолөнер шеберлігі – зергерлік өнер, ағаш өңдеу, киіз басу, кілем тоқу, ою-өрнек жасау. Яғни, материалдық емес мәдени мұра – ұрпақтан ұрпаққа ауызша, іс-әрекет арқылы берілетін, бірақ заттық тұрғыда ұстап көруге келмейтін рухани құндылықтар.

      Жуырда Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен материалдық емес мәдени мұраларының элементтерін анықтау бойынша Сарқан ауданына ЮНЕСКО-ның репрезентативтік тізіміне енгізілген қазақтың әдет — ғұрып, салт — жоралар, табиғат пен дүниеге қатысты білімдер мен әдет ғұрыптар, дәстүрлі кәсіптермен байланысты білімдер және дағдылар, өнер мен аңыз әңгімелер көне аспаптарды жаңғыртатын шеберлер мен эпикалық жырларды және ұлттық құндылықтарды анықтау мақсатында ЮНЕСКО — ның өкілі Бағдатұлы Иманбек арнайы іс — сапармен келіп қайтты

    Арнайы келген мейман Қойлық ауылындағы ежелгі Қойлық қалашығының орнын көзбен көріп қайтты. Сондай-ақ ауылдағы мұражай меймандардың қызығушылығын туғызды.  Ауылдық мәдениет үйінде көлөнершілерінің қолынан шыққан түрлі бұйымдар көрмеге қойылып, ұлттық салт-дәстүрлеріміз, әдет-ғұрыптарымыз паш етілді. Ұлттың ерекше болмысын айқындап, басқа халықтардан даралап тұратын музыкалық мұрамыз — домбыра күмбірлеп, терме-жыр төгілді.

     Аталмыш іс сапар 22 қыркүйектен басталып, облысымыздың барлық аудандарын қамтитын болады. Ал 29 қыркүйек күні Талдықорған қаласында арнайы семинар ұйымдастырылып, қорытындысын шығару жоспарлануда.

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: