Майбұршақ өнімділігін ұлғайту мәселелері талқыланды

Алматы облысы майбұршақ дақылын өндіруде еліміз бойынша алдыңғы қатарда. Болашақта Республика бойынша аталмыш дақылдың ең ауқымды 107 мың га егіс көлемін сақтай отырып, өнімділікті 245 мың тоннаға жеткізу көзделуде. Мерейлі мақсат минералды және органикалық тыңайтқыштарды ғылыми негізде тиімді қолдануға, агрохимиялық зерттеу жұмыстарын салада оңтайлы пайдалануға жетелейді. Сондай-ақ егіс алқаптарында алдыңғы қатарлы технологияларды кеңінен жарату да өзекті.

Жақында Сарқан ауданында Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мұрындық болуымен өткен облыс бойынша майбұршақ дақылы өндірісін дамытуға арналған семинар-кеңес жоғарыда айтылған мәселелерді өзіне арқау етті. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, аумақтық инспекциясы, «Жетісу» ӘКК ҰК» басшылары, «Қазақстан фермерлер одағы», «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалдары, ғылыми-зерттеу институттары, минералды тыңайтқыштар мен өсімдік қорғау құралдарын өндіруші мекемелердің өкілдері қатысқан келелі кеңес дала төсінде сап түзеген ауыл шаруашылық техникаларын тамашалаудан бастау алды. Аудандағы алдыңғы қатарлы «Абдрахимов» шаруа қожалығының басшысы Мират Абдрахимов таныстырған аталмыш заманауи техникалар расында да өздерінің зор мүмкіндіктерімен еріксіз таңдай қақтырды. Бұдан соң  шараға қатысушылар арнайы көрмені аралап, түрлі компаниялар ұсынған мол өнімнің негізі – жоғары сапалы тұқымдар, тыңайтқыштар, гербицидттарды көзбен көріп, өндірушілердің ұсыныстарына құлақ түрді. Басқосудың ресми бөлімінде алғашқы сөзді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сексембай Бекішов алып, өңірдегі майбұршақ өндірісін және өнімділігін ұлғайту жөнінде жан-жақты баяндама жасады. Аталмыш саладағы жоспарлы көрсеткіштерге кеңінен тоқталып, істің ілгерілеуіне тұсау болып отырған басты түйткілдерді тілге тиек еткен Сексембай Төлеубайұлы мемлекетіміздің аграршыларды түрлі бағытта қолдаудан кенде еместігі үкіметтің ауыл шаруашылық саласын дамытуға арналған бағдарламасына енгізілген оңды өзгерістерден айқын байқалатындығын атап өтті. Негізгі баяндамашыдан кейін сөз алған «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының» бөлім меңгерушісі Мұхтар Құдайбергенов, «Когер ЛТД» ЖШС басшысы Константин Шин, «Агроразвитие» ЖШС басшысы Қайрат Нұрпейсов өз салалары негізінде көтеріліп отырған мәселеге орай өз пікірлерін білдірді. Жиынды Сарқан ауданының әкімі Ерғазы Қошанбеков қорытындылап қара жердің қайырымын көріп отырғандарға жерді, тұқымды, тыңайтқыштарды тиімді пайдалану, ауыспалы егістікті сақтау турасында ой өрбітіп, берері мол жиынды ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Соңында шараға қатысушылар заманауи ауыл шаруашылық техникаларының нақты істегі әрекеттерін егіс басында көруге мүмкіндік алды.

П.Жеңісхан.

Мәліметпен бөлісу: