
Еліміз 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімді 450 миллиард долларға, ал шетелден тартылатын инвестиция көлемін 150 миллиард долларға жеткізуді көздеп отыр. Инвесторлар үшін жаңа жеңілдіктер мен қолдау тетіктері енгізілді. Олардың қатарында салықтық және кедендік преференциялар, инфрақұрылым тарту, цифрлық инвестициялық платформа және Астана халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктері бар. Өткен жылы Қазақстанға 17,2 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Елде 45 жаңа жоба іске қосылып, 6 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Инвестиция негізінен тау-кен, өңдеу, сауда және ғылыми-техникалық қызмет салаларына бағытталған. Ал негізгі серіктестер қатарында Ресей, Нидерланд, Корея, Бельгия және Қытай бар. Салық пен бюджет саясаты жаңарады 2025 жылдан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Енді әлеуметтік сала мен ауыл шаруашылығына салық жеңілдетіледі, табысы жоғары азаматтарға прогрессивті шкала енгізіледі. Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметке қосылған құн салығы төмендетіліп, кітап шығару саласы ҚҚС-тан босатылады. Бюджет жүйесінде де айтарлықтай өзгерістер бар. Жаңа Бюджет кодексі фискалдық және ақша-кредит саясатын үйлестіріп, Ұлттық қор қаражатын мақсатты пайдалану тетігін күшейтеді. Енді қордан тек жалпыұлттық маңызы бар ірі жобалар ғана қаржыландырылады. Мемлекеттік борыш көлемі де бақылауда болады: Үкіметтің міндеті – мемлекеттік қарызды жалпы ішкі өнімнің 32 пайызынан асырмау. Өсім нәтижесі халық өмірінен көрінеді Бұл реформалар мен көрсеткіштер жай есеп қана емес. Олардың барлығы ел өміріне тікелей әсер етеді. Жаңа зауыттар мен құрылыстар – жаңа жұмыс орындары; бизнеске жеңілдік – тұрақты табыс көзі; салық пен бюджет тәртібі – бағаның тұрақтылығы мен инфляцияның тежелуі. Қысқасы, бүгінгі экономикалық саясаттың түпкі мақсаты – халықтың өмір сапасын жақсарту. Тұрақты табыс, сенімді жұмыс, сапалы инфрақұрылым мен әлеуметтік әділдік – міне, қазіргі өсімнің басты нәтижесі осы.
