Ауыл – рухани жаңғырудың қайнар бұлағы

Президентіміз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы бүкіл елімізді дүр сілкіндірді.  Менімше, бұл Рухани жаңғырудан ауылдарымыз да шет қалмақ емес.  Мәліметтер бойынша республикамыздағы 7232 ауылдың 3750-і аяғына нық тұрған. 2500-і орташа жағдайдағы, 1000-ының болашағы жоқ шағын ауылдар.

Елбасымыздың бастамасымен Ұлт жоспары: «100 нақты қадам» атты бағдарлама жасалынып, қазір ол өмірімізге нық қадам басты. Осы бағдарламада ауылға да зор мән берілгенін байқаймыз. Ұлт жоспарындағы 98-қадамда айтылған, көтерілген, нақты қойылған мәселе тікелей ауылға арналған.

«Қазақстан — 2050: Мәңгілік ел» стратегиясында Президентіміз «Ауылды қайта жаңғыртайық!» деген алға қойған жарқын мақсат пен міндет тұр. Қалай жаңғыртамыз, оны бүгін бастамасақ, ертең кеш болады. Осы үндеу аясында сіздерге ой тастау мақсатында бірнеше ұсыныстарды назарларыңызға ұсынып отырмын. 1. «Оян, қазақ!» демекші, алдымен өзіңіз, ауылдың әрбір азаматы оянып, дүр сілкініп «Бұл — тек менің ауылым! Осы туған ауылыма не істей аламын?» деген көзқарасты, жаңашылдықты сенімді, жауапкершілікті жүрегімізге ұялатайық. 2. Ауыл көркі алдымен өз үйіңізден басталуы тиіс. Үйіңіздің сыртқы келбетіне көз жүгіртіңіз. Ағаш, гүл егілген бе? Тазалық қалай? Қақпа,   қоршаулары қалай? 3. Көшеңіз қалай? Күл-қоқыстар жоқ па? Су құбыры ше?

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақа-ласында айтылған салт-дәстүр-леріміздің айнасы осы — ауыл. Бұл құнды мәселе шынында да ауылдан бастау алуы керек. Жастарымызды салт-дәстүрлерімізбен сусындатып, дінімізбен нұрландырып, тіліменен байытып, Отанымен мақтаныш тұтқыза білсек. Арақ-шарапты жолатпай, салауатты өмірге үйренсек, ауылға береке келеді. Ол үшін рухани жағынан жаңғыруымыз керек. Мектеп түлектері қашанда ауылымыздың жарқын болашағы. Осы алтын бесігімізде тәрбиеленген ұрпағымыздың өз ауылына деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімін ояту — басты парызымыз.

Біздің Қарабөгет ауылы осындай кең жомарт азаматтардан кенде емес. Атап айтсам Әлібеков Ерәлім Тілеуханұлы   2004 жылдан бастап Қарабөгет ауылы және Әл-Фараби атындағы орта мектептің әлеуметтік жағдайы төмен оқушыларға  көмек көрсетіп келеді.  Смағұлов Айдын Өмірханұлы әр жылдары мектепке,ауылға спорт,мәдениет саласына демеушілік көрсетті. 2016 жылы мектептің тарихи-өлкетану мұражайын жаңартұға қаражат бөлді. Ауылымызда қысы-жазы көмір тасымалымен айналасатын ағайынды Алмас,Манас Жұмағалиев, Серікболат, Мақсат Баймамыровтарға алғыстан айтар басқа сөз жоқ. Сайын Сыдықов бесаспап шебер десем артық айтқаным емес.Теледидар,жиһаз жасаудың қас шебері.Биыл Үйінде жылыжай салып ерте көктемде қияр өсірді.Бұл ауылымның мақтанышы, жетістігі деп білемін.Біздің ауыл жігіттері-жігіттердің төресі.  Ауылдың әрбір тұрғыны, отбасысы — ең үлкен байлығымыз.   Өйткені береке-бірлік те, бақ пен рух та отбасынан, балабақша мен мектептен басталады. Енді тағы бір айтатын мәселе — туған ауылынан сыртқары жүрген азаматтармен де құрылған топ байланысты үзбей, олардың демеушілігіне жүгіну қажет.

Қадірлі ауылдастар! Біздің ауылымыз мемлекетіміздің іргетасы іспеттес. Әрбіріміз ауылымызды көтеруге, оның шаңырағының биік болуына үлес қосуға міндеттіміз. Сонда ғана ауыл өмірі көңілді, ондағы әрбір отбасы да нұрлана түспек. Кәнеки, осы айтылғандарды, көтерілген көкейкесті мәселелерді жерге қалдырмай, іліп әкетейік. Ауылымыздың шаңырағы биіктеп, мәртебесі ассын!

 

Байжан Сейітқұл,

Қарабөгет ауылы.

 

Мәліметпен бөлісу: