«Балдырғанға» — 10 жыл

2008 жылы сарша тамызда 285 балаға лайықталып «Балдырған» балабақшасы өз есігін айқара ашуы ауданымыздағы айтулы оқиға болғандығы сөзсіз. Зымыран уақыт биыл осынау ауданымыздағы алдыңғы қатарлы мектепке дейінгі мекеменің еншісіне мерейлі 10 жылды жазып беріпті. 10 жылда балабақша өзі де есейді, түлектерін де есейтті. Бұған осынау жылдар ішінде ұжымның ынтымақты жұмысының арқасында қол жеткізілген жарқын жетістіктері айғақ. Іскер басшы Гүлнар Іргебекованың жетекшілігіндегі іргелі ұжым биылғы түлектерін қосқанда 700-ден астам балдырғанға тәлім-тәрбие беріп, мектепке шығарып салған.

 

Өткен жетіде аталмыш балабақша «Балдырғанға 10 жыл» атауымен айшықты шара өткізді. Бүлдіршіндер мекенінің мерейтойына әр жылғы түлектер, ұжым зейнеткерлері, ата-аналар, мекеме-бөлім басшылары құрметпен шақырылып, қонақтар шаттық шуағымен бөлісті. Әр жылдары «Балдырғаннан» қанаттанған түлектердің салтанатты шеруі мереке мерейін көтерді. Шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков ұжымды құттықтап жылы лебізін білдірді. Ортақ істі ілгерілетуде айрықша үлесі бар Гүлбақыт Асқанбаева, Эльмира Дармишева, Күлмайра Күнчаева, Сабира Тлеужанова, Сәуле Құрманова, Римма Нұрғазина аудан әкімінің қолынан Алғыс хат пен аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасын алды. Іргелі ұйымның ірі жетістіктері балабақша меңгерушісі Гүлнар Іргебекованың лебізіне негіз болды. Мерейтойға арналған ақ тілектерді Білім және ғылым қызметкерлері аудандық кәсіподақ кеңесінің төрағасы Ермек  Алинов,  тәрбиеленушілердің  ата –аналары атынан Айым Бекбосынова, балабақша зейнеткерлері атынан Разиха Абишева және түлектер жалғап, мерейтой қуанышымен бөлісті.

Ұрпағымен алаштың асқан бағы,

«Балдырған» білім-тәлім баспалдағы.

Қауырсыны қатайып бүлдіршіндер,

Жайнасын жұлдыздардай аспандағы.

Салғандай әсем сазды дала бір ән,

Сүйсінтіп сәби жүрек талабынан.

Тәрбие мен білімді бойѓа жинап,

ұшады әлі талай бала қыран.

Қуаныштың алауын жандырғанда,

Тарихқа 10 жыл таңба қалдырғанда.

Алқа салып тойына келіп тұрмын,

Ақ тілекті арқалап «Балдырғанға»,-деген жергілікті  ақын Күләш Бисекееваның арнауы көпшілік көңілінен шықты. Ақ тілектер ағынын бүлдіршіндердің күшімен сахналанған сазды қойылым, көңілді әуендер мен әсем билер көркемдеді. «Қош бол, балабақша «Балдырған» әнін, Жомарт Игіманның сөзіне жазылған Марат Қалиевтың «Балдырған» балабақшасының әнұранын   орындаған түлектер аспанға шар ұшырды. Мерекелік шара соңында «10 жылда 10 ағаш» акциясына қатысқан түлектер балабақша ауласын желектендіруге өз үлестерін қосты.

 

П.Жеңісхан.

Мәліметпен бөлісу: