Тұрғындармен кездесті

Өткен жұмада аудандық мәслихат хатшысы Қадыр Абдрахманов Черкасск және Шатырбай ауылдық округтерінде болып тұрғындармен кездесу өткізді. Мақсат аудан әкімінің есепті кездесуінде көтерілген мәселелердің орындалу барысын бақылау, оған мәслихат тарапынан ықпал ету әрі сайлаушылар сауалдарына жауап беру. Алдымен халық өкілі күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан Черкасск ауылдық мәдениет үйіне ат басын бұрды.

«Жетісу ҚазСтройСервис» ЖШС қолға алуымен еңсе тіктемекші екі қабатты ғимаратты аралаған Қадыр Сәкенұлы тиісті басшылардың ел игілігіне қызмет ететін мәдениет нысанының құрылыс сапасына баса назар аударуға шақырды. Өткен жылы пайдалануға берілуі тиіс болған ауылдық полиция тірек пунктінің сапасы сын көтермейді. Құлаған сылақ, көгерген қабырға, түскен төбе. Бұл мемлекет миллиондарына салынған осынау ғимаратқа тән сипат. Мұны аталмыш нысанға аялдаған топ көзбен көріп, өздері тарапынан шара қолданбаққа бекінді. Жұртшылықпен жүздесу ауылдық мектепте өтіп, кездесудің мақсатына кеңінен тоқталған аудандық мәслихат хатшысы Қадыр Абдрахманов өңір басшылығының есепті кездесуінде тұрғындар көтерген мәселелердің тиянақталуына мән берді. Өз қаржы қоржынына өзі еге ауылды абаттандыруға, тазалығын сақтауға және жарықтандыруға жұмсалатын қаражаттың мақсатты жұмсалуының маңыздылығын атап өткен мәслихат хатшысы Елбасының бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттерді бірлесе атқаруға шақырды. Сондай-ақ көтеріліп отырған мәселе бойынша аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Қ.Жанасбеков, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Битембиев сөз сөйледі. Соңында тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарды қоюға мүмкіндік алды.

Шатырбай ауылдық мәдениет үйіндегі жиында аудандық мәслихат хатшысы Қадыр Абдрахманов рухани жаңғыру аясында аудан көлемінде атқарылып жатқан  іргелі істермен ауылдықтарды жан-жақты таныстыра келе Елбасының 5 әлеуметтік бастамасының көпшілікке тиімді тұстарына тоқталды. Белгілі себептермен орталық ауызсу жүйесіне қосыла алмай отырған жандардың мәселесі және көктемгі қашқын су жырымдап тастаған шеткері көшелердің жағдайы тұрғындар тарапынан көтерілген негізгі сауалдар болды. Жиыннан соң Қадыр Сәкенұлы бастаған топ жағдайды көрмекке көше аралап, түйткілді түйіндердің  шешімін табудың жолдарын іздестірді.

 

П.Жеңісхан.

 

Мәліметпен бөлісу: