
– Ей, қайда барасың?
– Батяның жұмысына.
– Кешке общягаға тартылсай.
– Қоянның суретін салып кетпе!
Міне, қазіргі жастардың сөйлеу әдебі мен мәдениеті осы қалыпта.
Ақын Мағжан Жұмабаевша айтсақ, таза, терең, өткір, күшті, кең тіліміздің
өзегіне түскен жегіқұрты да – дәл сол жарымжан сөздер. Ал, төл тіліміздің
тамырынан жан, сабағынан нәр кетіріп, түрлі әлеуметтік диалектілерді жиі
қолдану бүгінгі буынның әдетіне айналуда. Жастар сөздігіндегі сипатсыз
жаргон сөздердің мағынасы бар ма? Мәнсіз, мағынасы да түсініксіз бұл
сипаттағы сөздерді жастар көп қолданатындықтан ортаға сіңісуі де тез,
айтылуы да жиі. Мәселен, жоғарыдағы «батя» сөзі – әке дегені, «общягасы» –
жатақхана, «тартыл» дегені – қатарымызға қосыл, жанымызға кел, ал
«қоянның суретін салып кетпе» дегені – алдап кетпе дегені. Онсыз да елге,
жерге, руға, дінге бөлініп жүрген қазақ жастары қазіргі күні тіл
ішінен тіл қалыптастырды. Тіл тәрбиесі тал бесіктен басталарын ескерсек,
жастардың ауызекі сөйлеу мәдениеті табалдырықта қалып қойған секілді.
Заман талабына сай болуға ұмтылатын бүгінгі буын өздеріне ыңғайлы
соқпақты тауып алуға қашанда бейім. Әрине, киген киімі, қыдыратын орны
мен мамандықтарының өзгеше боларын білгенмен, өздеріне тән тіл
қалыптастырады деген ойды ешкім ойламаса керек. Сондай-ақ, қалыпты
тілден ауытқыған мысқылды «паразит» сөздер санамызға дендеп сіңіп қалған
секілді. Бәлкім, жанындағы адамдарға әсер қалдыру үшін елден
ерекшеленген түрі болар. Егер түпкі ойы осыған саятын болса, онда біз
тұрпайы мәдениет пен жұрдай әдептің арасында жүрміз. Себебі, қолайсыз
айтылған сөз саптауынан қандай әдеп, қандай сыпайылық күтуге болады. Ол
– ол ма, жол-жөнекей жолығысып қалған құрбылардың өзі қарапайым ғана
хабарласып тұратындықтарын жеткізу үшін «курста болайық» деп жаргондап
жеткізеді. Осыдан кейін қоғам мен адам жаны тазалығының сақталарына
күмән бар. Жабайы тіл мәңгүрт ойдан туады. Сонда біз қандай ұрпақ
тәрбиелеп отырмыз? Бір сәт ойланайықшы?
Тіл тазалығын сақтап, ойын еркін жеткізе алатын жастар саны сиреп
барады. Өкінішті! Айналып келгенде барлығы заманауи көрінеміз деп жұтаңданып бара жатқаны жасырын емес. Кезінде қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев: «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, ол ақынның білімсіз бишарасы», — деді емес пе?!
Қарап отырсаңыз, әлеуметтік желілердегі жастардың әңгімесі жабайы
жаргондар мен сленгтерсіз өрбімейді. Онсыз сөйлесе, жастар тілімен
айтқанда, «жер» (ұяттан төмен қарау) болып қалардай. Инабат жоғалған
мына заманда тіл әдебінің де құрдымға кеткендігі баба аманатына жасалған
қиянат емес пе?!.
Уақыт өтер, керуен көшер. Ал тіл тазалығын сақтау туралы мәселе
жастардың сөйлеу мәдениеттілігінен басталуы керек деп ойлаймыз. Бізде бәрі тазаланып келеді. Әсіресе, көшедегі қоқыс тастағанға да ескерту беріліп, айыппұл төлетеді. Ал тілге келгенде жігер де жоқ, ынта да жоқ. Кім қалай сөйлесе де өз еркі, себебі тілге салынар тұсау тағы жоқ.
Тіл туралы айтылатын сыр да, жазылатын жыр да ешқашан
таусылмақ емес, сол сырлар мен жырларды санамызға сіңіріп, «Қазақ тілі –
мемлекеттік тіл» деген сөздерді тек қағазға емес, көкірегімізге жаза білейік.
Ана тілі соншалықты мықты әрі нәзік, оны ұлттың өзі қорғау, қолдау қажет. Әлемдегі алпауыт елдерің өзі ана тілдеріне әрқашан қамқорлық танытады. «Америкадағы барлық ұлы өзгеріс ас үстелінен басталады. Әңгіме отбасында басталуы тиіс» дейді АҚШ-тың 40-президенті Рональд Рейган. Рухани құндылықтарымыз, оның ішінде ең бастысы қазақ тілінің абыройын асқақтату, мәртебесін көтеру, қорғау турасында әрқашан жалықпай үйде балаларымызға айта білуіміз керек. Бір тілде сөйлеген ұлттың арманы да, ойы да бір арнаға тоғысады.
«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең
қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады»,-депті ұлт ұстазы
Ахмет Байтұрсынұлы. Рас, ана тілімізді сақтау — қазақ ұлтын сақтау дегенмен тең. «Тілсіз — халық жоқ, Халықсыз — тіл жоқ». Осыны ешқашан жадымыздан шығармайық.
Партия ЖЕҢІСХАН,
Сарқан ауданы.
