Адамзаттың асыл құндылығы

Адамзаттың асыл құндылықтарының бірі – бейбітшілік. Қай кезде болмасын адам тыныштықта, бейбіт өмір сүргісі келеді. Басқасын айтпағанда, өткен ғасырдағы Ұлы Отан соғысындағы қанды қырғынды басынан өткерген аталарымыз бен апаларымыз бейбітшіліктің қадір-қасиетін жақсы біледі. Екінші дүниежүзілік соғыс жеңіспен аяқталғалы бері елімізде бейбіт өмір орнап, тыныштықта өмір сүріп келеміз. Дей тұрғанмен дүние жүзіндегі басқа мемлекеттерде қарулы қақтығыстар, лаңкестік әрекеттер, соғыстар болып тұрады. Соғысты болдырмау үшін әлемдегі одақтар мен дүние жүзіндегі мемлекеттердің бейбітшілікті сақтау үшін өзара келісімі бар екендігін ескерсек, Қазақстан Республикасы осы бағытта үлкен жұмыстар атқарды. Жалпы, қазақтар ежелден-ақ тыныштықта, бейбітшілікте өмір сүруді басты мақсат еткен. Ұлтына қарамастан келген қонағына төрінен орын беріп, жылы-жұмсағын алдына қойып, құдайындай сыйлап жіберу – қазақ халқының бойына сіңген меймандостық қасиет. Қазыбекше айтсақ, «ешкімге соқтықпай жай жатқан», тірі пендеге қаскөйлік жасамайтын, бейбітшілік сүйгіш халық.

Жалпы, еліміздің дінаралық және ұлтаралық татулық пен үндестік идеологиясын жүргізіп, әлемге бейбітшілік шаңырағын тұрғызуға қадам жасауы – біздің еліміздің бейбітсүйгіштік қасиетінің айғағы. Қазақстан халқының діни және этносаралық татулықты ту еткен асыл қасиеттерін еліміздің азаматтары әрдайым мақтан тұтады. Қазақ мемлекеті көпұлтты және көпдінді қоғамнан тұрады. Нақтырақ айтсақ, елімізде 140-тан астам ұлт пен 40 конфессия бейбітшілік пен өзара келісім жағдайында тату-тәтті өмір сүруде. Мемлекетімізде дәстүр болып қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының нәтижесінде еліміз өркендеп, ілгері басып, әлем бойынша абыройы артып келеді. Қазақстан Республикасының көпұлтты халқының татулығы мен достығы, ынтымақтастығы мен бейбітшілігі мемлекетіміздің басты байлығы және бұл жер жүзіндегі қырғи-қабақ боп жатқан басқа елдерге үлгі-өнеге болады.

Мәліметпен бөлісу: