
Адамзаттың асыл құндылықтарының бірі – бейбітшілік, келісім және тұрақтылық. Қай кезде болмасын адам тыныштықта, бейбіт өмір сүргісі келеді. Басқасын айтпағанда, өткен ғасырдағы Ұлы Отан соғысындағы қанды қырғынды басынан өткерген аталарымыз бен апаларымыз бейбітшіліктің қадір-қасиетін жақсы біледі. Екінші дүниежүзілік соғыс жеңіспен аяқталғалы бері елімізде бейбіт өмір орнап, тыныштықта өмір сүріп келеміз. Дей тұрғанмен дүние жүзіндегі басқа мемлекеттерде қарулы қақтығыстар, лаңкестік әрекеттер, соғыстар болып тұрады. Соғысты болдырмау үшін әлемдегі одақтар мен дүние жүзіндегі мемлекеттердің бейбітшілікті сақтау үшін өзара келісімі бар екендігін ескерсек, Қазақстан Республикасы осы бағытта үлкен жұмыстар атқарды.
Жалпы, халқымыз ежелден-ақ тыныштықта, бейбітшілікте өмір сүруді басты мақсат еткен. Ұлтына қарамастан келген қонағына төрінен орын беріп, жылы-жұмсағын алдына қойып, құдайындай сыйлап жіберу – қазақ халқының бойына сіңген меймандостық қасиет. Қазыбек бише айтсақ, «Ешкімге соқтықпай жай жатқан», тірі пендеге қаскөйлік жасамайтын, бейбітшілік сүйгіш халық.
Өзіне, отбасына пайдалы болған әрбір жан өзі өмір кешіп жатқан алтын ұясы – отанының бейбітшілігін сақтай түседі. Отанының амандығын қалаған адам әлемнің бейбітшілігін тілері сөзсіз ақиқат. Кез келген елдің тілегі де, оның арманы да халқының бейбітшілігін сақтау екені сөзсіз. Елінің экономикасын дамытып, халқының қауіпсіздігін нығайту арқылы ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Өйткені, бейбіт өмір бақыт, береке, бірлік әкелумен бірге, өрлеу мен өркендеуге жол ашады. Бұқара халық әрдайым тыныштықта, мәңгілік бейбіт өмір сүруді армандайды. Ал ұрпағының амандығы келешегінің кемелдігін білдіреді. Өткен тарихқа көз салсақ, адамзат небір сұрапыл соғыстардан көз ашпады. Қаншама елдер соғыс зардабынан құлдырап, азып-тозды. Талай жазықсыз жандар сол зұлматтың зардабын шекті. Мұның барлығы бейбітшілік кеткен жерді берекесіздік жайлайтындығын тайға таңба басқандай етіп анық көрсетуде.
