Білімдінің жүзі жарқын

Тағы бір оқу жылы өз мәресіне жетіп, өз түлектерін үлкен өмір жолына аттандырып салды. Кеше ғана мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршін зымыраған уақытпен бойында, ойында өсіріп бір үміт, бір күдікпен болашаққа аяқ басты.

Өткен жұмада аудан орталығындағы М.Тынышбаев атындағы орталық алаңда жылдағы дәстүрге сай мектеп бітірушілерге арналған «Ақ жол саған, Жас түлек» атты салтанатты жиын болып өтті. Шара бастауында аудан әкімінің міндетін атқарушы Ғ.Маманбаев келешекке бағыт түзеген жас түлектерге ізгі лебізін білдіріп, алдағы өмірлеріне сәттілік тіледі.

Білекке емес білімге сенген заманда санамен қатарласыңнан қара үзу, білім биігінен көріну ата-ана, мектеп үшін зор мақтаныш екендігі белгілі. Дана халқымыз осындайда «білімдінің күні жарық, білімсіздің күні кәріп» демей ме?! Дүйім жұрттың алдында жеткен жетістіктері сараланып, құрбы-құрдастарынан дараланып, қызыл кілеммен жүріп өткен үздіктердің жүздері жарқын, мәртебелері биік болғандығы сөзсіз. Тілеулес туыстың, ақеділ ағайынның, алғаусыз дос-жаранның ниеттестігі көпшіліктің көз алдында көрініс берді.  Жалпы, биылғы жылы аудан бойынша 421 түлек мектеп бітірсе, оның ішінде 54 «Алтын белгі» және 14 «Ерекше үлгідегі аттестат» иегерлері бар. Осынау үздіктерге аудан әкімінің міндетін атқарушы Ғалымжан Қанатұлы төс белгілері мен куәліктерін салтанатты түрде табыс етті.

Мектеп бітірушілердің риясыз лебізі Абай және Ақын Сара атындағы білім шаңырақтарының түлектері Қайролда Ақерке мен Нұрғали Сағыныштың құттықтауларына арқау болды. Бұдан соң түлектер балалықтың соңғы биін билеп, көкке «білім шарларын» ұшырып, от шашу тамашалап, естелік суреттерге түсті. Бала шаққа деген қимастық пен болашаққа бастар сенім ұштасатын осынау қуаныш түлектердің ғана емес ұстаз алдын көрген көпшілік қауымның жүрегіндегі нәзік сезімдерді сағыныш самалымен тербегендігі айдан анық. Кезекті толқынды болашақтың баспалдағына қадам бастырған айтулы шараны тамашалаған біздер де өмір базарына бет алған түлектерге «жолың болсын!» дегенді іштей айтып қала бердік!

П.Жеңісхан.

Мәліметпен бөлісу: