ЖАҢА ПРОГРЕССИВТІ КОНСТИТУЦИЯ – БІРЛІГІМІЗДІҢ ТІРЕГІ

Елімізде ауқымды өзгерістер жүзеге асуда. Мемлекет басшысының саяси реформалары мемлекетіміздің тұрақты дамуына бастап, жаңа кезеңге жол ашуда. Осыған орай Сарқан ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында «Жаңа прогрессивті Конституция – бірлігіміздің тірегі» тақырыбында аудан басшысының қоғам өкілдерімен кездесуі өтті. Аудандық мәслихатының төрағасы, аудандық коалиция мүшесі Марат Разбеков жүргізген жиынға зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңестің, «Аманат» партиясының Сарқан аудандық филиалының төрағасы, ардагерлер, аналар кеңесі, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Елдік маңызы бар мәселе жөнінде алғашқы сөзді аудан әкімі Ғалымжан Маманбаев алып, жаңа Конституция жобасындағы ауқымды өзгерістерді жан-жақты тарқата келе, өзгерістердің артында елдің, жердің, азаматтарымыздың тағдыры тұрғандығын атап өтті. Ғалымжан Қанатұлы кез келген ғимараттың берік, нық болуы іргетасынан бастау алатындығы сияқты Конституциялық реформалардың қоғам дамуына серпін беріп, әділетті әрі құқықтық мемлекет қалыптастыруға негіз болатынына айрықша назар аударды. Елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық реформалар – қоғам сұранысына жауап беретін, билік пен халық арасындағы сенімді нығайтатын маңызды қадам. Осы кезеңде қоғамдық пікірдің, білім мен ғылым, мәдениет, жастар өкілдерінің, саяси партиялардың ұстанымы мен ұсыныстарының маңызы зор. Бұл бағыттағы өзіндік көзқарастар, тың ойлар мен жаңашылдық көпшілік алдында сөз алған Сарқан аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы

Жомарт Игіманның, Сарқан көпсалалы колледж директорының орынбасары Оксана Ракитянскаяның, «Аманат» партиясының Сарқан аудандық филиалының төрағасы Жалел Құдияровтың, Сарқан тарихи музейінің директоры Мадияр Карипжановтың, Сарқан политехникалық колледжінің «Жастар Ассамблеясы» жетекшісі Ульяна Богуштың пікірлеріне арқау болды.
Мазмұнды кездесуді қорытындылаған аудан әкімі Ғалымжан Маманбаев өз болашағымызға бей-жай қарамай, алдағы саяси науқанда белсенділік танытуға шақырды.


Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: