Мұқан Төлебаев қазақтың аса көрнекті композиторы, қоғам қайраткері, КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты 1913 жылы қазіргі Алматы облысы Сарқан ауданы Үлгі ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң Қапал педагогикалық училищесінде оқиды. Ауылына келген соң аудандық «Жұмысшы жастар» театрын ұйымдастырған. Алматыда өткен халық өнерпаздары слетінде әнші ретінде көзге түсіп Мәскеу консерваториясы жанындағы қазақ студиясына оқуға жолдама алады. Кейіннен қазақ халық аспаптар оркестрінің дирижері. Абай атындағы академиялық опера және балет театрының директоры, Қазақстан композиторлар Одағының төрағасы, КСРО композиторлар Одағының басқарма мүшесінің қызметтерін атқарды. КСРО Жоғарғы кеңесіне депутат болып та сайланды. 1945 жылы Евгений Брусиловский және Латиф Хамидимен бірге Қазақ КСР-ің Мемлекеттік Әнұраны музыкасының авторларының бірі болды. Композитор туындатқан опералардың, оркестрлік немесе вокалды-симфониялық шығармалардың, камералық-аспаптық пьесалардың, әндер мен романстардың жалпы саны 100-ден асады. Осындай шығармалардың бірі Асқар Лекеровтің сөзіне жазылған «Кестелі орамал» және жергілікті сазгер Құдыш Адамбековтің «Әз аға» әндерін орындайтын композитордың 95-жылдық торқалы тойында құрылған «Наурыз» әжелер ансамблі.
Кез-келген мемлекеттің өткен тарихында халықтың әнұранына айналған музыкалық шығармалары болады. Осыған орай 1992 жылы мемлекеттік гимннің мәтіні мен әніне конкурс жарияланған еді. Комиссия іріктеуіне барлығы 750 жоба келіп түскенімен,байқауда төрт белгілі ақындар: Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаевалардың сөзіне жазылған Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамидидің әні жеңіске жетті. Осылайша еліміздің тұңғыш гимні 1992 жылдың 4 маусымында бекітіліп, тәуелсіз мемлекетіміздің тарихынан өзіндік орнын алған еді. Мұқан Төлебаевтың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында оның шығармашылығы мен өмірі жайлы зерттеулер жүріп, көптеген кітаптар шығарылуда. Мұқан Төлебаевтың артында қалдырған мол мұрасы қазақ мәдениетінің асыл қазынасы болып қала бермек.
Ж.Унерханова,
Сарқан филиалының
2-ші санаттағы архивисті