Жөні бөлек, жосығы ерек бағдарлама

 Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұтас елдің назарын аударған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тарихи мақаласында  Қазақстанның мәдени-гуманитарлық тұрғыда қарышты дамуын қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық сананы жаңғыртудың маңыздылығы туралы ілкімді ойлар қозғалған. Бұл мақалада қазақ халқы көптен арман еткен игілігі орасан зор мақсатты жүзеге асыруға нақты нұсқау берілген. Бұл жөні бөлек, жосығы ерек, көптен күткен мүдделі ойдың дұрыс шешім табуының дәйекті көрінісі деп білуіміз керек.

 

Еліміздің еңсе көтеріп, егемендік алуына елеулі үлес қосқан тұлғалар аз емес. Оларды ұрпаққа ұлықтап, ізгілікті істерін насихаттауда түрлі шаралар атқарылып жатқаны айқын. Солардың бірі – осы мақалада атап көрсетілген «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы. «Мен бүгінгі замандастарымыздың  жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын.  Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн. Еліміздің Тәуелсіздік жылнамасы жазыла бастағанына небәрі 25 жыл болды. Бұл тарих тұрғысынан қас-қағым сәт десек те,  еліміз үшін ғасырға бергісіз кезең… Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы. Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи  Қазақстанның келбеті көрініс табады»,- деген Елбасы мақаласындағы осы бір жолдар жобаның болашақ ұрпақ үшін қаншалықты маңызды екенін айғақтаса керек.

Бұл замандастарымыздың жетістіктерін көрсетуге бағытталған жоба, тәуелсіздік іргетасын қалауға сүбелі үлес қосқан тұғыры биік тұлғаларымызды елге танытатын жаңа бастама. Елбасы жаңа тұрпатты Қазақстанның қалануына дарын-қабілеті ерек, ақыл –парасаты зерек жандарды қоғамға етене таныту, оларға ақпараттық қолдау білдіріп, жаңа мультимедиялық алаң қалыптастыруда «100 жаңа есім» жобасының өңірлік нұсқасын жасау маңыздылығын айқындап берген болатын. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері жетерлік. Енді «Еңбек бәрін жеңбек» деп аянбай ел игілігі үшін қызмет жасап жатқан жандардың есімі мемлекеттің айшықты айнасына айналмақ.

Сарқан ауданы жоғарыда айтылғандай тұлғалардан кенде емес.  Аудан аумағында өнегелі істерімен ерекшеленген тұлғаларды іріктеп, Қазақстандағы 100 жаңа есімнің қатарына қосу арқылы ауданның атын аспандататын табысты адамдарымыздың сапын нығайтарымыз айқын. Табысты болу – атақты болу деген сөз емес. Табысты адамдардың бәрі танымал емес. Сондықтан бұл жобаның мақсаты – олардың елге, қоғамға сіңірген еңбегін көрсету, көпшілікке таныстыру. Біз, аудандық басылымның журналистері, Қазақстанға, Жетісу өңіріне әлі танылып үлгермеген жаңа есімдерді іздеп табу бағытында жұмыс жүргіземіз. Біз кәсіби қызметіміздің барысында әртүрлі тағдырлы жандармен жүздесіп, танымал болмаса да тағылымды іс жасаған кейіпкерлермен жиі кездесеміз. Үндемей жүріп үлкен іс тындырып жатқан азаматтарды саралап, осы арқылы жаңа есімдерді табуға үлес қосуға ұмтыламыз.

Әрине, рухани жаңғыру аясында ұсынылып отырған жобаларды жүзеге асыру барысында науқаншылдыққа жол бермеуіміз қажет. Қоғамдық жаңғыру процесіндегі негізгі рөл мемлекетке тиесілі болғанымен, рухани жаңғырудың табысты жүзеге асуы тікелей қоғамның әрбір мүшесіне, яғни сіз бен бізге байланысты. Сондықтан Елбасының мақаласында атап көрсетілген мақсаттар мен тапсырмалар шын мәнінде баршамыздың көкейімізде жүрген, жұртшылықтың мүддесін қозғайтын, рухымызды көтеретін белестерге бізді бастайды. Қазақстандықтарға үлгі болатын тұлғаларды жобаға қатыстыру арқылы кейінгі буынды жақсы істер жасауға, табысты болуға, өмірден өз орындарын табуға жетелеріміз анық. Ендеше, жарқын жобаның жүзеге асуына баршамыз үлес қосуымыз қажет. Іске сәт!

 

Жомарт ИГІМАН.

Мәліметпен бөлісу: