Көпшіліктің ой-пікірлерін тыңдады

Парламенттің қос палатасында кезекті каникул басталғалы халық қалаулылары шалғайдағы елді мекендерге ат басын бұрып, тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысуда. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Марат Бопазов, Байділда Жылқышиев өткен бейсенбі күні Көктерек, Лепсі ауылдарында болып, жұртшылықпен жүздесті. Өңірге келген құрметті қонақтарды «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев, аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков,  аудандық мәслихаттың хатшысы Қадыр Абдрахманов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Түсіпов бастап жүрді.

Ауданның шалғай елді мекендеріндегі тұрғындармен кездесу жиынын аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков ашып, өңірдің өзгерістерін кіріспе сөзіне арқау етті, ел ішіндегі жайдарман жаңалықтармен бөлісті. Депутаттар Елбасының 5 әлеуметтік бастамасының орындалу барысына тоқталып, елдің тыныс-тіршілігіне қан жүгіртетін, серпін беретін бастамалардың маңыздылығын атап көрсетті. Кездесу үстінде тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жан-жақты жауап беріліп, депутаттардың жұмыс сапары ауыл тұрғындарының талап-тілектерімен, ыстық лебіз-дерімен қорытындыланды. Ауылдардағы интернет желісін қосу, күшейту, Қызылқайың-Лепсі жол күйін жақсарту, Лепсідегі Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізу, Көктерек фельдшерлік пунктіне дәрігердің қажеттілігі, пошта байланыс торабы жұмысшыларының еңбекақысының төмендігі тұр-ғындардың сөздеріне арқау болды.

Халық қалаулылары сол күні Лепсі ауылындағы Мұқан Төлебаев музейіне ат басын бұрды. Экспонаттарының саны да бар, сапасы да айтарлықтай музейді аралап көріп, қазақ музыка өнерінің дара тұлғасы жайындағы мағлұматтарын кеңейте түсті.

Өз тілшіміз.

 

Мәліметпен бөлісу: