
Жетісу облысында 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымы штаттық режимде аяқталды. Биылғы маусымда өрт оқиғалары 26%-ға, ал адам қазасы 35%-ға азайған.
Биылғы жылыту маусымын өткізуге бюджеттен 19,1 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 7,6 млрд теңге нысандарды жөндеуге, тағы 7,6 млрд теңге отын сатып алуға жұмсалды. Облыс бойынша жылу беру маусымы 3-15 сәуір аралығында аяқталды, тек Алакөл ауданында ауа райына байланысты 20 сәуірге дейін жалғасады.
Маусым барысында: 35 қазандық пен 16,4 км жылу желілері жөнделді; 1,1 мың км электр желілері мен 206 трансформаторлық қосалқы станция жаңартылды; халық пен бюджеттік мекемелер көмір және мазутпен 100% қамтамасыз етілді.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, тұрғын үй секторындағы өрттер саны 174-тен 128-ге дейін азайған. Дегенмен, зардап шеккендер саны 10 адамға көбейген. Өрттің негізгі себептері – электр жабдықтарының ақауы және пеш пайдалану ережелерінің бұзылуы.
Профилактика аясында әлеуметтік осал топтағы отбасылардың үйлеріне 2 463 улы газ датчигі орнатылып, 18 мыңнан астам тұрғынға түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Қазіргі уақытта аймақта өрт қауіпті кезеңге дайындық қызу жүруде. Биыл маусым басталғалы 4 орман өрті тіркеліп, 17 гектар аумақ зардап шекті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп.
Дайындық шаралары: күш пен құралдар: 3098 адам мен 529 бірлік техника дайындыққа келтірілді.
Мониторинг: Тілсіз жауды ерте анықтау үшін ғарыштық мониторинг, бейнебақылау және дрон қолданылады.
Рейдтер: 22 мобильді топ құрылып, қазірдің өзінде 112 рейд өткізілді. Ереже бұзған 4 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Облыс аумағындағы 2,2 млн гектар орман қорын қорғау үшін 16 өрт сөндіру станциясы жұмыс істеуде. Төтенше жағдайлар департаменті алдын алу шараларын күнделікті бақылауда ұстап отыр.
