
Сарқан ауданы әкімінің өкімімен «Жастар саябағы мен Қойтас эко-бағындағы коммерциялық нысандарды орналастыру және олардың сыртқы келбетін келісу» жөніндегі комиссия құрылған болатын. Мақсат комиссия атауы айтып тұрғандай аталмыш саябақтардағы коммерциялық нысандардың орналасуын талапқа сай ету, кесін-келбеттерін бірізді, көрер көзге тартымды, заманауи қалыпқа келтіру. Жақында қалалық әкімшіліктің ғимаратында жоғарыда аталған жұмысшы топтың екінші отырысы өтті. Жиынға «Қойтас» экопаркінің жоғарғы жағына киіз үй тігіп, келушілерге қызмет етуге ниетті кәсіпкерлер қатысып, өз ойлары мен ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Аудан әкімінің орынбасары, аталмыш комиссия төрағасы Ұлан Ерденбеков «Қойтас» экопаркінің аты затына сай болу керектігін, бұл үшін жергілікті атқарушы орган мен кәсіпкерлер бірлесе әрекет етіп, қызмет көрсету нысандарының барлығы талапқа сай болу қажеттігін жан-жақты түсіндіріп өтті. Сондай-ақ комиссия мүшелері жеке кәсіпкерлердің жоспарларымен жақын танысу мақсатында парк аумағын көзбен көріп аралап шықты.
Айта кетейік жергілікті атқарушы орган «Қойтас» экопаркінің шығыс жағындағы жотада киіз үйлерді жинақтап, қазақ ауылын қалыптастыруды жоспарлап отыр. Жұмысшы топтың келесі отырысында «Қойтас» экопаркінде балмұздақ, сусындар және т.б. сатуға ниетті іскер жандардың басын қосу жоспарда бар.
Өз тілшіміз.
