Жартыжылдық жұмыс жария етілді

Жуырда аудандық мәдениет үйінде  қазақ зағиптар қоғамының аудандық бірлестігі жарты жылда атқарылған жұмыстарын қорытындылаған жиын өткізді. Жиналысқа қоғам мүшелерімен қатар «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының консультанты А. Омаров, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өкілі Ж. Бакеева, аудандық аурухананың көз дәрігері З. Иманғалиева қатысты. Жиылысты қоғам төрағасы Б. Рахметқалиев ашты.  Күн тәртібінде жиналыс төрағасы мен хатшысын сайлау, жартыжылдықтың есебі және әр түрлі мәселелер қаралды.

Жартыжылдықта атқарылған жұмысты негіз еткен баяндаманы бастауыш ұйымның төрағасы С. Әліпбаев жасады. Сламхан Құрманұлы өз есебінде атқарылған басты іс-шараларға тоқталды. Атап айтқанда, Жаңа жыл, Наурыз мейрамдары тойланғанын, Рамазан айында қоғам мүшелеріне қайырымдылық көмек есебінен ұн таратылғанын өз сөзіне арқау етті. Сонымен қатар екінші жартыжылдыққа мүшелік жарнаны кейбір мүшелер төлесе, бірқатары төлемегенін ескертті.

Кезек сауалдарға келгенде залда отырған Б. Бексапарова өзінің Астана көшесі № 19 үйде сегіз жылдан бері тұратынын, осы жылдардың ішінде үйдің ішіне су дұрыс жүргізілмегенін және бақша отырғызып, суғаратын арық жоқтығын, тіпті көшенің жарықтандырылмағанын айтты. Тағы бір қоғам мүшесі Т. Ермолдаев дәріханалардағы дәрінің бағасы әр түрлі екенін көтерді. Бұл мәселелерді «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы өкілі А. Омаров  басшылыққа жеткізетінін, бақылауда болатынын мәлімдеді. Жеке оңалту бағдарламасы бойынша, дәрілік препараттар жайлы сауалдарға Ж. Бакеева мен З. Иманғалиева  толығырақ түсіктеме беріп, лайықты жауаптарын берді.

 

Ж. ЖОМАРТҰЛЫ.

Мәліметпен бөлісу: