Әр ауылда сахнаға сән кіргізіп, айналасындағыларға шуағын шашып жүретін жандар болады. Сарқан ауданы, Тополевка ауылының ардагер әншісі Бақытжан Тоқпақова, міне, сондай жан.
Саналы ғұмырын өнер жолына арнап, ауыл клубының меңгерушісі болған жан кімді болсын ілтипатымен баурап алады. Бәрінен бұрын Бақытжанның бұлбұл үнді дауысын айтсаңызшы! Оның орындаған әндерін жұртшылық сүйіп тыңдайды. Әсем үнін естімей қалса іздейді.
Бақытжан Әбдіғалиқызының сахнадан көрінбей кеткен кезі де болды. Біраз уақыт бұрын көлік апатына ұшырап, денсаулығын түзеткенше ауыл жұрты оның тілеуін тіледі. Көпшіліктің тілегі қабыл болып, Бақытжанның әсем үні жанымызды тағы да тербеді.
Сарқан ауданының Мәдениет үйінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасына арналған концерт өтті. Оның орындаған әндеріне риза болған көрермен орнынан тұрып, шапалақ ұрды, гүл шоқтарын ұсынды. Бақытжанның өнерін қолдап жүретін өмірлік жары Кенжебек Көпеспайұлы да құшақ гүлін сыйлады. Қандай әсерлі сәт!
Наурыз мерекесі қарсаңында Екіаша ауылында өткен концертке қатысып, «Немерем», «Ауылым – әнім» әндерін жүректерге жеткізе шырқады. Тағы да халықтың ыстық ілтипатына бөленді.
Өмірін әнге ғана арнап қоймай, бүгінде ауылдағы қариялардың басын қосып, оларға жетекшілік етіп отырған Бақытжан Әбдіғалиқызының ұрпақ тәрбиесіне де қосып жатқан үлесі мол. Біз осындай ізгі жанды мақтан тұтамыз. Оның әндерімен шаттанып, айтқан ақыл-кеңесі мен әрбір сөзінен бойымызға күш-қуат, нәр аламыз. Қолы да, көңілі де ашық, үйіне келген адамның ешқайсысын жатсынбай төрінен орын беретін, ақ дастарқаны мен шынайы пейілін ұсынатын Бақытжанның тасы өрге домалап, ауыл жұртын әсем әнімен қуанта берсін демекпіз.
С. Зинкова.
Тополевка ауылы.