Күміс қоңырау шақырады

Құт мекен Қойлық ауылындағы М.Жұмабаев атындағы орта мектебі  жаңа оқу жылына тағы да есігін айқара ашты. Талай  талантты шәкірттерін үлкен өмірге қанаттандырған білім ошағы биыл өз қатарын жаңа бірінші сыныпқа келген бүлдіршіндермен  толықтырды.  «Ұстаз» деген ұлы атты арқалап келген  қаншама жас маманға  алғашқы баспалдақ болды. Білім күні ерекше мерекеге толы күндердің бірі.  Дәл осы күннен бастап, алғашқы қоңырау үнімен бірге, оқушылардың жеке тұлға және азамат ретінде қалыптасу кезеңі басталады. Биыл соңғы рет алғашқы қоңырау салтанатына жиналған 11-ші сынып түлектері алғаш мектеп табалдырығын аттағалы отырған 1-ші сынып  үшін қоңырау қақты. Атаулы мерекеге мектеп ұжымы жылда зейнеткер ұстаздарын шақырып қонақ етуді дәстүрге айналдырған. Сонымен қатар аудандық кәсіпкерлік бөлімі басшысының  міндетін атқарушы М.Тажиев, профессор, мектеп түлегі  Мұңсызбай Төлеухан Мұсалімұлы келіп қатысты.

Мектеп директоры Ж.Иманалиева былтырғы жылғы атқарылған жұмыстарға шолу жасап, жаз мезгілінде балалардың демалысы туралы, сонымен қатар оқушылардың лагерьлерде демалуына көмек қолын созған демеушілерге, «Мектепке жол» акциясы аясында қолғабыс еткен  кәсіпкерлер мен мектеп ұстаздарына алғыс білдірді. Салтанатты жиынның соңы «Мен патриотпын» тақырыбындағы тәрбие сағаттарына ұласты.  Жас буынға жаңа жол көрсетіп қияға қанат қаққызып отырған мектеп ұжымына алғысымыз шексіз.

Күләй Қазанатова,

ардагер ұстаз.

Қойлық ауылы.

Мәліметпен бөлісу: