Талдықорғанда J-LEAGUE финалына облыстың үздік жас спортшылары жиналады

Жетісу облысында стадиондар, спорт сарайлары, жүзу бассейндері, хоккей корттары және мыңнан астам ашық спорт алаңдарын қоса алғанда, 1146 спорт нысаны жұмыс істейді.
Спортшыларды даярлаумен 23 спорт мектебі және Талдықорған мен Лепсідегі екі мамандандырылған мектеп-интернат айналысады. Сонымен қатар өңірде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық даярлау орталығы қызмет етеді.
Талдықорғанда жастар арасындағы J-LEAGUE жобасының финалдық кезеңі басталады. 16-20 маусым аралығында облыстың түкпір-түкпірінен келген 5000-ға жуық жас спортшы чемпиондық атақ пен жүлде қоры үшін бақ сынайды. Финалда волейбол мен баскетболдан қыздар командалары, сондай-ақ футболдан ұлдар командалары өзара мықтыны анықтайды.
Жоба екінші жыл қатарынан өткізіліп, балалар мен жасөспірімдер арасындағы бұқаралық спортты дамытуға бағытталған. Жеңімпаздарға ақшалай сыйақы қарастырылған: бірінші орын үшін 500 мың теңге, екінші орын — 300 мың және үшінші орын үшін 200 мың теңге. Чемпиондарды дайындаған жаттықтырушыларға да 100 мың теңге көлемінде сыйақы беріледі.
Жыл басынан бері облыста 2600-ден астам бұқаралық спорттық іс-шара өткізілді. Бұл спортты дамытуға және салауатты өмір салтын насихаттауға оң ықпал етуде.

Мәліметпен бөлісу: