
Облыс әкімі Бейбіт Исабаев Алакөл көлінің жағалауын бекіту жұмыстарымен танысты. Жағалаудың шайылуын болдырмау мақсатында қолға алынған бұл жоба жағаның 14 шақырымға жуық аумағын қамтиды. Өткен жылдың шілде айында басталған құрылыс жұмыстары келесі жылдың жазында аяқталады деп жоспарланып отыр, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Құрылыс жұмыстарының барысымен танысқан Бейбіт Исабаев арнайы мамандармен бірге Ақшиден Көктұмаға дейін катермен жағалау аймақтарын шолып шықты. Екі ауылдағы қоршау бөгеті жүріп жатқан аймақтардағы құрылыс жұмыстарын көрді.
Аралау барысында өңір басшысы жұмыс қарқынын үдету, сол сияқты жұмысшылар санын арттыру, жұмыс кестесінің мерзімін сақтау қажеттігін ескертті.

Мердігер ұйымдағы учаске бастығы Арман Жеңісқалиевтің айтуынша, бөгет құрылысына бетон төсейтін заманауи техника тартылған. Құрылыс алаңында 150 адам жұмыс істейді, 70 техника бар.
Қорғаныс бөгетінің жалпы ұзындығы 14 шақырымға жуықтаса, соның 10,43 шақырымы Ақши ауылы, 3,56 шақырымы Көктұма ауылы жағынан болмақ. Көктұма ауылында 960 метр ұзындықта жұмыстар істелді: 190 мың м3 жер жұмыстары, 4,5 мың м3 бетондау жұмыстары жасалып, көлемі 4 мың м3 болатын габиондық конструкциялар орнатылды. Ақши ауылындағы учаскеде ұзындығы 200 метрде жұмыс орындалды, атап айтқанда жер жұмыстары жасалды, еңістер бетонмен бекітілді, бетон тіректері орнатылды.
Жалпы, бөгет құрылысы туризм үшін ғана емес, елді мекендердегі тұрғындар қауіпсіздігі үшін де маңызды. Мұндай жоба демалушылардың жайлы демалысына, бизнестің қалыпты жұмысына, жалпы алғанда өңірдің туристік тартымдылығын ұлғайта түсуге ықпалы зор болмақ.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фототілші: Дмитрий Ерофеев
