
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жастар мен қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру және тазалық құндылықтарын дәріптеу мақсатында «Green Start Up — тазалық өзіңнен басталады» атты интерактивті іс-шара өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – әрбір азаматтың туған өлкесінің тазалығына бейжай қарамай, қоршаған ортаны қорғауға жеке үлес қоса алатынын көрсету, сондай-ақ экологиялық бастамаларды қолдау арқылы қоғамда ортақ жауапкершілік қағидатын нығайту болды.
Шара аясында қатысушыларға арналған екі арнайы интерактивті баннер ұсынылды.
Бірінші баннер «Тазалық өзіңнен басталады» қағидатына негізделді. Баннерде қоршаған ортаны ластаушы қоқыс бейнелері орналастырылып, қатысушылар қоқыс суреттерін алма бейнесіндегі арнайы элементтермен алмастырып, баннерге жапсырды. Алма тазалықтың, табиғаттың және жасампаздықтың символы ретінде ұсынылды. Осы арқылы әрбір қатысушы қоршаған ортаға деген жауапкершілігін іс жүзінде көрсетіп, табиғатты қорғауға өз үлесін қосты.
Екінші баннер шығармашылық және азаматтық белсенділік алаңы ретінде ұйымдастырылды. Баннерде «Таза Қазақстан» тақырыбындағы арнайы сурет бояуға арналған форматта ұсынылды. Балалар мен қала тұрғындары суретті өз қалауы бойынша бояп, таза әрі көркейген Қазақстанға қатысты өз көзқарастары мен тілектерін білдірді. Бұл алаң қатысушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, олардың экологиялық сана-сезімін арттыруға және туған жерге деген сүйіспеншілігін нығайтуға ықпал етті.
— «Green Start Up — тазалық өзіңнен басталады» іс-шарасы қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болды. Әрбір тұрғынның шағын әрекеті үлкен өзгерістерге бастайтынын тағы бір мәрте дәлелдеген шара барша азаматтарды туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне белсенді атсалысуға үндеді, — деді «Қазақстан студенттерінің альянсы» омбудсмені Қызайбай Ақерке Досымханқызы.
#ТазаҚазақстан #тұрақтыдаму #тазамемлекет #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan
