Мәдениет – адамзатты өркениетке бастайтын баспалдақ. Қайбір өңірдің өсіп-өркендеуін сырт көз ауылдың ажары мен адамдардың мәдени деңгейі арқылы бағалайды. Тәуелсіздігіміз нығайып, еліміз еңсесін көтергелі мәдени-әлеуметтік салалардың тамырына қан жүгіріп, ауылдардағы мәдениет ошақтарының түтіні түзу шыға бастады.
Дүйсенбі күні Сарқан ауданындағы Черкасск ауылдық мәдениет үйі күрделі жөндеуден кейін елді мекен тұрғындарына араға жылдар салып есігін айқара ашты. Аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков жұртшылықтың осынау қуанышын бөлісіп, ізгі тілегін ортаға салды.
-Өткен жылы Бақалы ауылдық мәдениет үйі, Сарқан аудандық мәдениет үйі, «Черкасск қорғанысы» музейі күрделі жөндеуден өтсе, биыл, міне, ширек ғасырдан бері пайдаланудан шығып, қабырғалары ғана қалқайып қалған Черкасск ауылдық мәдениет үйі адам танымастай өңделіп-өзгеріп, көз тартарлық заманауи ғимаратқа айналып, ел игілігіне ұсынылуда,-деді Ерғазы Қошанбекұлы.
Әкім құттықтауын Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әлия Жақыпбекованың лебізі толықтыра түсті. Әлия Әлімжанқызы Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың мәдени салаларды қайта жаңғыртуға бюджеттен бөлінген қомақты қаржының игерілуін басты назарда ұстауының нәтижесіндегі өңірлерді дамытудағы оң қадамды өз сөзіне арқау етті. Жиында, сонымен қатар Черкасск ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы, Сарқан ауданының Құрметті азаматы Төлеухан Битембиев, Черкасск ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Тілеужан Әскербек, орыс тілі пәнінің мұғалімі Любовь Прокопенко сөз алып, ауыл тұрғындарының ақжарма алғысын жеткізді.
Жаңғырған, жаңарған ғимараттың алдындағы ескерткіш ауылға ат ізін салушылардың назарын аудармай қоймайды. Биік тұғырдағы домбыра мен шаңырақ әсем үйлесім тауып, қарсы алдыңдағы мәдениет ошағы екенін айтпай-ақ аңғартып тұрады екен. Бұл мәдениет үйінің сыртқы көрінісі болса, ішіне енген адамды қызықтыратын тартылыс күші бар үйірмелер мұнда молынан табылады. Теннис үстелі енді жас спортшылардың басын қосса, домбыра, би үйірмелеріне жазылушылар қазірдің өзінде аз емес көрінеді. Жаңа кітаптарымен оқырмандарды қызықтыратын кітапхана да енді бос болмауы тиіс.
Мәдениет үйінің ашылуына куә болғандар сол күні аудан өнерпаздарының тартымды концертін тамашалады. Араға уақыт салып ауыл сахнасынан қанаттанғандардың үлкен сахналардан көрініп, көрермендерінің көзайымына айналар сәті де алыс емес деген нық сенім көкейімізге ұялады.
Жомарт ИГІМАН.