Жетісу облысының шаруашылықтары күздік бидай оруға кірісті

Жетісу облысында егін орағы науқаны басталды. Өңір диқандары күздік бидайды жинауға кірісті. Биыл астық дақылдары 65,8 мың га алқаптан жиналмақ. Егін орағына алғашқылардың бірі болып Кербұлақ ауданының шаруашылықтары бастады, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алғашқылардың қатарында егістік алқаптарына «Архарлы» ЖШС-нің техникасы шықты. Серіктестік басшысы Төлеген Есембековтің айтуынша, шаруашылық 2014 жылдан бері қарқынды дамып келеді.

– Біз бидай, арпа, мақсары өсіреміз. Күздік бидай 850 гектар алқапқа егілген, соның 300 гектары қазірдің өзінде орылып болды. Орташа өнімділік гектарына шамамен 15 центнерден айналып отыр. Шаруашылықта үш комбайн мен астықты жедел тасымалдауға арналған үш жүк көлігі бар. Жиналған астық тікелей Алматы қаласындағы диірмен кешеніне жөнелтіледі. Онда бидайдан ұн тартылып, кейін өздерінің наубайханасында нан өнімдері дайындалып, халыққа сауда орындары арқылы жеткізіледі. Жалпы егін орағы жоспарға сай жүріп жатыр. Өсімдік шаруашылығын қолдауға берілетін субсидиялардың да көмегі үлкен, – деді ол.

Атап өтсек, шаруашылықта 8 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 4 механизатор қазіргі уақытта трактормен егіс алқаптарында топырақты бастапқы өңдеу, яғни культивациялау жұмыстарын жүргізуде.

Жалпы Кербұлақ ауданының диқандары биыл күздік бидайды 27 мың гектардан астам алқаптан жинап алуы тиіс.

Кербұлақ ауданы әкімінің орынбасары Бақыткелді Қабидолда:

– Аудандағы дәнді дақылдардың егіс көлемі 95,2 мың гектар. Оның ішінде 27 мың гектардан астамы – күздік бидай, 68 мың гектары – жаздық бидай. Сонымен қатар 7,1 мың гектар алқапқа майлы дақылдар егілген. Қазіргі таңда Жоламан, Сарыбастау, Қарашоқы және Шанханай ауылдық округтерінде егін орағы науқаны басталды. Бүгінгі күнге дейін 1,9 мың гектар егістік алқап орылып, 2,8 мың тонна өнім жиналды. Жалпы науқанға 404 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған. Оның ішінде 242 комбайн, 58 астық тиегіш, 31 астық лақтырғыш және басқа да қажетті техникалар бар, – деді.

Сонымен қатар өңірде егін орағы науқанын үздіксіз өткізу үшін көктемгі егіс және орақ жұмыстарына жүйелі дайындық ұйымдастырылған. Оның аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді тұқыммен, тыңайтқышпен, жанар-жағармаймен және ауыл шаруашылығы техникасымен кезең-кезеңімен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.

Жалпы, биыл Жетісу облысында ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 511,8 мың гектар. Қазіргі уақытта егілген дақылдарды күтіп-баптау жұмыстары жалғасып жатыр. Атап айтқанда, қант қызылшасы, соя және дәндік жүгері алқаптарында арамшөптер мен зиянкестерге қарсы пестицидтермен өңделуде. Сонымен қатар суару алдында минералды тыңайтқыштар енгізіліп жатыр. Бүгінгі күні басым дақылдардың 127,1 мың гектар алқабы арамшөптерге қарсы гербицидтермен өңделді. Ал минералды тыңайтқыш енгізу жұмыстары шамамен 107,6 мың гектар жерде жүргізілді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Қанат Өмірәлинов

Мәліметпен бөлісу: